Банкрот деп тану үшін отбасы мүшелерінің мүлкі болмауы керек - министрлік

Банкрот деп тану үшін отбасы мүшелерінің мүлкі болмауы керек. Бұл туралы қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

"Банкроттыққа өтініш берген азаматтың жеке басынан бөлек, жанұя мүшелерінің мүлкі де, табысы да ескеріледі", - дейді Ержан Біржанов ОКҚ брифингінде.

1,1 миллионнан аса адам банкроттық туралы заң көмегімен қарызынан құтыла алады

Яғни банкроттық процедурасы кезінде әр өтініш иесі туралы жан-жақты мәлімет жиналады. Егер де оның жалған ақпарат ұсынғаны немесе өз мүлкін отбасы мүшесіне аударғаны анықталса, ол азамат бұл процедурадан өтпейді. Мысалы, әйелінің автокөлігі бола тұра, күйеуі банкроттыққа өтініш берсе, ол төлемге қабілетті болып есептеледі. Сәйкесінше, оның өтініші мақұлданбайды.

Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң: министр қарыз кешірудің басты талаптарын айтты

Сондай-ақ кей мемлекеттерде банкрот деп танылған азаматтардың елден шығуына тыйым салынған. Біржановтың айтуынша, Қазақстан азаматтарына шекарадан асуға еш кедергі жоқ.

"Банкроттық бойынша сотқа жүгінген кезде процедура алты ай қаралатын болса, осы аралықта шетелге шығуға шектеу қойылады. Себебі, өтінішті қарау мерзімі созылып кетуі мүмкін. Азамат сотқа жүгініп, шетелге шығып кетсе, процедура тоқтап қалады. Сондықтан нақты шешім қабылданғанға дейін шектеу қойылады. Шешім шыққаннан кейін елден шығуға шектеу жоқ", - қаржы министрінің орынбасары.

Еске салайық, былтыр 30 желтоқсанда "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы" заңға қол қойылған болатын. Заң 1 қаңтарда ресми түрде жарияланды. 3 наурызда банкроттыққа өтініштерді қабылдау басталады. 

Банкроттыққа өтініш берудің негізгі шарттары мынадай:

- қарыз 5,5 миллион теңгеден (1600 АЕК) аспайды;
- 12 ай ішінде өтелмеген;
- тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік жоқ;
- қаржы дауы банкпен өзара реттелген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!