"Құжат, киім-кешегін алып шыққан". Қарағандылық ағайынды екі оқушы зейнеткерлерді өрттен құтқарды

Қарағандыда ағайынды екі оқушы зейнеткерлерді өрттен құтқарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға 23 қаңтарда сағат 16:38-де Қарағандыдағы Жеңіс көшесінде болған. 6 шаршы метр аумақта тұрғын үйге жалғанған қазандықтың жиһазы, тұрмыстық техникасы, ішкі ағаш қаптамалары, төбесі жанған.

Өртті өрт сөндірушілер сөндірді. Өрт кезінде қарды тазалауға көрші үйде тұратын 15 жастағы Ерасыл мен 14 жастағы Қанат көмектескен. Олар көршілерінің үйінен түтін шығып жатқанын көріп, көмекке ұмтылған. Бөлмеде ер мен әйел кісі болған.

Жасөспірімдер бірі балдақпен қозғалатын екі зейнеткерге сыртқа шығуға көмектескен. Олар киім-кешек пен құжаттарды да шығарып үлгерген. Осыдан соң тағы бір көршісі Русланды көмекке шақырып, өрт сөндірушілерге хабарласқан. Құтқарушылар келгенге дейін қолдан жасалған құралдармен өртті сөндіруге кіріскен. 

"Өрт сөндірушілер тез жетті. Жартысын сөндірдік. Өрт сөндірушілер төбені, қабырғаларды өздері сөндірді", - дейді Ерасыл.

Ағайынды Смағұловтар мен олардың көршісі Русланның арқасында екі адам аман қалды, өрттен келген шығын барынша азайған.

Ерасыл Смағұлов – №12 мектептің 9-сынып оқушысы, ал Қанат Смағұлов – 8-сынып оқушысы. Руслан Түсіпов күзетші болып жұмыс істейді.

Төтенше жағдайлар министрлігі жас құтқарушылар ерлік, қаһармандық және табанды іс-әрекеттері үшін марапатқа ұсынылғанын хабарлады. Сонымен бірге Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқушыларға алғыс хат жолдады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!