Терроризм туралы жалған ақпарат таратқан 25 адам сотталды

Терроризм туралы жалған ақпарат таратқан 25 адам сотталды

2022 жылы терроризм туралы жалған ақпарат таратқандар саны артқан. Осыған байланысты Қылмыстық кодексінің 273-бабымен 181 қылмыстық іс қозғалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ведомство мәліметінше, мұндай деректерді тексеру көп уақыт пен ресурстарды қажет етеді. Оқиға орнына полиция, құтқарушылар, кинологтар, өртсөндірушілер, жедел жәрдем бригадалары, жедел тергеу топтары барады. Осылайша, кәсіпорындардың қалыпты жұмыс режимі бұзылады.

"Бұл күш пен құралдарына айтарлықтай әсер етеді, тексерілетін коммерциялық кәсіпорындар миллиондаған шығынға ұшырайды, терролық шабуыл туралы жалған хабарламалар адамдарды эвакуациялау кезінде дүрбелең мен құрбандыққа әкелуі мүмкін. Құқық қорғау және арнайы органдар осындай анонимді хабарламалардың авторларын анықтау бойынша шаралар қабылдайды", - делінген хабарламада. 

Былтыр осындай деректер бойынша 25 адам сотталған.

"Мысалы, 2022 жылғы шілдеде Қостанай облысының тұрғыны өз көршісінен кек алу мақсатында электрондық поштасын бұзып, оның атынан Астана және Алматы қалаларының 13 нысандарына (сауда орталықтары, әуежайлар, банктер және т.б.) терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама жіберген үшін 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Алматы облысында құрдастарымен бәстесіп электронды пошта арқылы 3 мектепті миналау туралы хабарлама жіберген 13 жастағы бала анықталып, полицияға жеткізілді. Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамаған үшін оқушының ата-анасы жауапкершілікке тартылды", - делінген Бас прокуратура хабарламасында. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина