"Қызым, Еркежан деп еркелетеді". Ерке Есмахан келіндік өмірі туралы айтты

"Қызым, Еркежан деп еркелетеді". Ерке Есмахан келіндік өмірі туралы айтты
Фото: Instagram/erke_esmahan

Жақында отбасын құрған танымал әнші Ерке Есмахан келіндік өмірі туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол Instagram Stories-інде бөлісті. Оқырмандары әншінің келіндік қызметі туралы сұраған. 

"Оралда кеше үйде теледидар қарап отырсақ, папам (қайын атам) тосынсый етіп гүл әкеліп тұр маған. Қуанышымда шек болмады. Келін деген сөз естімедім әлі. Қызым, Еркежан деп еркелетеді. Бұйырса, келіндік өмірді алда саламын ғой. Әбіржіп жүргенімді көруге асықпаңыздар", - деп жауап қайтарған әнші. 

Өнер иесі "Сіздің келіндік қызмет атқарып жүргеніңізді көз алдыма елестете алмадым" деп жазған оқырман пікіріне жауап жазып, видео жүктеген. Видеода әнші ет асып, қонақ күтіп жүргені көрінеді. 

"Неге? Мен қарапайым, бірақ ерекше қызбын ғой", - дейді Ерке Есмахан. 

Сондай-ақ, ол Raim-мен ұлы Мүслімнің арақатынасы туралы бөлісті. 

"Бір-бірімен бірнеше жылдан бері таныс. Қазір тіпті араларында ерекше махаббат орнады. Шүкір. Мен мектепке апарып-әкелмеймін ғой, мысалға. Ол қамқорлығын төгіп жатыр. Мүслім бақытты", - дейді ол. 

Еске салайық, жұлдызды жұп 20 қаңтарда мұсылманша неке қидырғанын хабарлаған едік. Кейін Ерке Есмахан Raim-нан мәhірге не сұрағанын айтып, оқырмандарына жауап қайтарған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек