Жамбыл облысында әкімдік қызметкерімін деп танысқан әйел тұрғындардың қомақты сомасын алып қойған

Жамбыл облысында әкімдік қызметкерімін деп танысқан әйел тұрғындардың қомақты сомасын алып қойған
Фото: Tengrinews.kz

Жамбыл облысында 13 адамды алдаған күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарысу аудандық полиция бөліміне Жаңатастың бірнеше тұрғынынан түрлі уақытта бір мазмұндағы арыз түсті. Онда олар өзін Ләззат деп таныстырған әйел пәтер алып беремін деп сенімдеріне кіріп, қаржыларын иемденіп кеткені туралы көрсеткен.

Бұл әйел 13 адамнан жалпы көлемі 8 миллион теңгеден аса ақша алып, хабарсыз кеткен. Ол өзінің әкімдікте жұмыс істейтіні айтып, аудан орталығынан арзан бағаға кезексіз пәтер алып беремін деп алдаған.

Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы бойынша (Алаяқтық) соталды тергеп-тексеру амалдары басталды.

Бұл бапқа сәйкес мүлкi тәркiленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 54 жастағы М. есімді жұмыс істемейтін Жаңатас тұрғынын анықтап, ұстады. Сонымен қатар, ол өзін Ләззат деп өтірік таныстырғаны белгілі болды. Қазір күдікті кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек