"Тегін бере салатын". Композитор Арман Дүйсеновтің ел есіндегі танымал әндері

"Тегін бере салатын". Композитор Арман Дүйсеновтің ел есіндегі танымал әндері
Фото: Ашық дереккөз

Бүгін қазақ музыка өнеріне өзіндік үлес қосқан танымал музыкант Арман Дүйсенов өмірден озды. Massaget.kz тілшісі музыканттың өнердегі жарқын жолына шолу жасады.

Арман Дүйсенов - әлемдік классикалық музыка, фольклорлық этнография, эстрадалық музыка секілді салалар бойынша кәсіби музыкалық білім алған заманауи композиторлардың бірі. Оның еңбек жолы 1990 жылы Павлодарда өткен ХХІІ республикалық жас орындаушылар байқауында жеңіске жеткеннен кейін басталған. Сұхбаттарының бірінде Арман Дүйсенов әкесі мен анасының да өнерден алыс болмағанын айтқан еді. Оның анасы - дәстүрлі әнші, әкесі - саксофоншы, әжесі - жырау болған екен.

Видеодан алынған кадр

Тіпті композитор өмірлік жарымен кездескен кезде де музыкалық қабілетінің арқасында оны баурап алған екен. Алғашқы кездесуде "Әдемі қыз" әнін орындап беріпті.

Әнші әрі композитор Арман Дүйсеновтің әндерін қазақ эстрадасында ойып тұрып орын алған белгілі өнер адамдарынан бастап жастарға дейін орындап жүр.

"Мақсатыңа жетелейтін арман,

Жақсы атыңа жетелейтін арман" - деп басталатын "Арман" әні де көптің есінде.

Бұл ән композитордың өз орындауы арқылы халық арасына танылды. YouTube желісінде бұл ән 1 миллион 500 мың қаралым жинаған.

Композитордың ата-анасы өмірден ерте озған екен. Ол сұхбаттарының бірінде ата-анасына арнаған әні қиялдағы бейнеден туындағанын жеткізген еді.

"Асыл әкем, жан анам,

Мейіріміңнен нәр аламын.

Мөлдір бұлақ, асқар тау,

Тек екеуің бол аман", - деп ән жазғаныммен, ол - менің қиялымдағы бейнеге арналған ән. Екеуі де ертеректе дүние салып кетті. Мен интернатта өстім. Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектеп интернатында оқыдым", - деген еді әнші әннің тарихы туралы.

Арман Дүйсеновтың танымал әндерінің қатарында "Ұстазым", "Мектебім сағынышым" секілді туындылар да бар. Бірде-бір алғашқы, соңғы қоңырау салтанаты, ұстаздар күніне арналған мерекелік шара бұл әндерсіз өтпейді десек, еш қателеспейміз.

Танымал әнші Сәкен Майғазив орындайтын "Сен едің", Тоқтар мен Бейбіттің репертуарындағы "Бақыт таңы", Қарақат Әбілдинаның орындауындағы "Тойға тілек" секілді әндердің авторы да Арман Дүйсенов екенін бірі білсе, бірі білмес.

Өнердегі әріптестері оның музыка әлеміне деген махаббатын жоғары бағалайды.

"Арман кез келген туындыны тез жазуға, саған тез жаздыртуға тырысатын. Түнгі сағат 2-3-ке дейін жұмыс істеп, "10-дарда хабарласатын шығармыз" деп тұрсаң, таңертең 7-де хабарласып тұрады", - деген еді ақын Асқар Дүйсенбі әріптесі туралы.

Ал Ақбота Керімбекова әннің ақысына келген кезде кей әндерді сыйға беретінін айтқан болатын.

"Көңілі келсе, тегін бере салады", - деген еді Ақбота Керімбекова. 

Композитордың танымал туындылары жастардың репертуарында да бар. Мәселен, Мөлдір Әуелбекова композитордың "Жаным, жаным" атты әнін орындайды.

"Жігіттер" тобының репертурында "Қалаға келген қара қыз" атты әні бар.

Ал Айқын Төлепбергеннің орындауындағы "Сағыныш" әні көптің жүрегінен жол тапқан болатын.

"КешYou" тобы "Туған жер", "Қазағымның арулары-ай" секілді әндерді орындап жүр.

Композитордың өзі де авторлық әндерін орындайды. Өнер иесі сұхбаттарының бірінде "Фотограф" әнінің жазылу тарихы туралы айтқан болатын.

"Фотограф" ешқандай заказ емес. Ақын Асқар Дүйсенбі екеуміздің ойлап тапқан драматургиялық тәсіліміз. Әкеге деген сағынышымызды "Фотографтың" бейнесі арқылы беру", - деген еді ол.

Еске салайық, бұған дейін композитор Арман Дүйсенов өмірден өткені хабарланған болатын. Бұл туралы әнші Индира Елемес Instagram-парақшасында жазды. Сондай-ақ, Massaget.kz тілшісіне Индира Елеместің ресми өкілі бұл ақпаратты растап, композитордың жүрегі тоқтап қалғанын айтты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова