БҚО-да мұғалім асылып қалған

БҚО-да мұғалім асылып қалған
Фото: pixabay.com

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданындағы Сайқұдық ауылында мұғалім өзіне қол жұмсаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой ГОРОД" сайтына сілтеме жасап. 

Басылым мәліметінше, қайғылы оқиға 17 қаңтарда болған. 22 жастағы Назымның туыстарының айтуынша, оның мұндай әрекетке баруына әріптестері себеп болуы мүмкін. 

"Назым педагогикалық колледжді бітіріп, бірден ауылдағы мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып орналасқан. Алайда басшылықпен сыйыса алмаған. Оқу ісінің меңгерушісі басқа мұғалімдердің көзінше дөрекі түрде ескертулер жасаған. Жалақысын азайтатынын және бұйрық шығаратынын, басқа жұмысқа орналаса алмайтынын айтып, қоқан-лоқы көрсеткен. 2022 жылы декреттік демалыста жүрген мұғалімді шақыртып алған. Назым сол мұғалімнің орнына жұмыс істеген. Осылайша, Назым аптасына алты сағат жүктемемен ғана қалған. Бірақ ол оған да көніп еді", - дейді марқұмның ағасы Бекбол Мырзабаев.  

Оның сөзінше, 16 қаңтарда Назым үйден оқитын оқушысының үйіне барған. Ал түстен кейін жұмысқа бармаған. 17 қаңтарда Бекбол 08:00 шамасында жұмысқа кеткен, ал Назым ол уақытта ұйықтап жатқан. 15-20 минуттан кейін анасы Назымның өзіне қол жұмсап, асылып қалғанын көрген. Мұғалімнің туыстары ешқандай хат таппаған. 

"Оның әріптестері Назымға қысым көрсетілгенін біледі. Назым өзі сабырлы еді, ешкімді ренжіткен емес. Қамқор еді, інісіне көмектесіп, киім-кешегін алып беретін. Ешкімге кінә артқым келмейді, бірақ ол мұндай қадамға жұмыстағы проблемаларына байланысты барған болуы мүмкін деп күдіктенемін. Иә, Назым жұмысында қателескен сәті де болған шығар. Бірақ ол жас маман еді ғой, енді жұмыс істей бастап еді. Оған қысым жасап, сынаудың орнына мектеп басшылығы түсіндіріп, көмектесуі керек еді. Соталды тергеу соңына дейін жүрмей не оны жауып тастауы мүмкін деп қорқамыз", - дейді Бекбол Мырзабаев.   

Аудандық білім бөлімінің басшысы Ерболат Бекмолдиннің сөзінше, ол мектеп директорымен бұл мәселеге қатысты сөйлескен. Директордың айтуынша, Назымның әріптестері керісінше жас маманға көмектесіп, электрон журналмен қалай жұмыс істеу керегін түсіндіріп, тәлімгер тағайындап, қолдау көрсеткен.   

"Бастапқыда 28,5 сағат жүктемесі болған. Бірақ кейіннен декреттік демалыстағы қызметкер өз орнына келіп, Назым 12,5 сағат үйден оқитын баламен жұмыс істейтін және алты негізі сағаты болған. Сондықтан ол толық жұмыс істеді", - дейді Ерболат Бекмолдин. 

Ал БҚО полиция департаменті өкілдері бұл ақпаратқа қатысты түсінік берді. Оқиға 17 қаңтарда 08.00 шамасында болған. Назымның денесінде зорлық белгілері болмаған. Марқұмның денесі сот-медициналық сараптама жүргізу үшін мәйітханаға жіберілді. Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 105-бабы ("Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу") бойынша тіркелген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина