Индонезияға баруға ниетті қазақстандықтар визаны сол елдің әуежайынан ала алады

Индонезияға баруға ниетті қазақстандықтар визаны сол елдің әуежайынан ала алады
Фото: Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі

Индонезия Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдетті. Индонезияға баруға ниеттеніп отырған қазақстандықтар "келген бойда берілетін виза" ала алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Индонезияның Заңдар және адам құқықтары министрлігінің Көші-қон жөніндегі бас директораты 2023 жылғы 18 қаңтардан бастап Қазақстан азаматтары аталған виза түрін алуға құқылы елдер тізіміне енгізді.

Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, "келген бойда берілетін визаны" Индонезияға ұшып барғанда әуежайда немесе Индонезияға ұшпас бұрын molina.imigrasi.go.id сайтында рәсімдеуге болады. Ол үшін төмендегі құжаттардың болуы талап етіледі:

  • шекарадан өту сәтінде қолданылу мерзімі кемінде 6 ай болатын паспорт;
  • кері әуебилет не үшінші елге ұшу үшін әуебилет;
  • коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация сертификаты (кем дегенде екі доза қажет), бұл ретте екінші компонентпен вакцинациялау шекараны нақты кесіп өту күніне дейін кемінде 14 тәулік бұрын жүргізілген болуға тиіс. Бұл талап 18 жасқа толған тұлғаларға қолданылады. 18 жасқа толмағандар үшін вакцинация сертификатының болуы талап етілмейді.

"Келген бойда берілетін визаның" құны 500 мың индонезиялық рупия (шамамен 35 АҚШ доллары). Виза әуежайда рәсімделген жағдайда визалық алымды төлеу Bank Rakyat Indonesia үстелшесінде АҚШ долларымен де, индонезиялық рупиямен де төлеуге болады.

"Келген бойда берілетін виза" Индонезияда 30 тәулік ішінде болуға мүмкіндік береді, оны тұру орны бойынша орналасқан көші-қон қызметі бөлімшесінде дәл осындай мерзімге бір рет ұзартуға болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан