Атырау облысы әкімінің экс-орынбасарын әшкерелеуге көмектескен тұрғын 12 миллион теңгеден аса сыйақы алды

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарын әшкерелеуге көмектескені үшін облыс тұрғыны 12,2 миллион теңге сыйақы алды. Бұл параның жалпы сомасының 10 пайызы болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2022 жылы барлығы 40,6 миллион теңгеге 134 азаматқа сыйақы берілген. Ең үлкен сыйақы көлемі Атырау және Қызылорда облыстарында берілді.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстарды ашуға жәрдемдесетін азаматтарды көтермелеу қағидаларына сәйкес төлем азаматтар хабарлаған адамдарға қатысты сот үкімі шығарылғаннан кейін беріледі.

Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ақпарат берушілердің толық құпиялығын қамтамасыз етеді. Биыл 3 қаңтардан бастап азаматтардың бұл санаты куәгерлерді қорғау бағдарламасына түседі.

2022 жылы Антикор Call-орталығына 27 мыңнан аса қоңырау түскен, оның ішінде жемқорлық құқықбұзушылық деректері бойынша 233 хабарлама түскен.

37 хабарлама бойынша соталды тергеу басталған, 18-і сотқа жолданған, 20 іс ЕҚДБ бойынша тоқтатылған, 25 хабарлама ведомстволық бағыныстылығы бойынша жолданған.

Өтініштердің көпшілігінде мынадай деректер бар: қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартпағаны үшін пара талап ету, өкілеттіктерін асыра пайдалану, "қамқорлық" көрсеткені үшін, мемлекеттік сатып алу саласындағы құқықбұзушылықтар және лауазымды тұлғалардың басқа да заңсыз әрекеттері.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!