Атырауда полицей заң бұзған жүргізушіден торт сұраған

Атырауда заң бұзған жүргізушіге айыппұл салудың орнына торт сұраған полицей мен тұрғынның әңгімесі видеоға түсіп қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап. 

Атырау патрульдік полиция қызметкері кінәлі жүргізушіден өзі қалаған тортпен есептеспек болғаны жөнінде жазба Әлеуметтік желіде тарады.

Яғни оқиға былай өрбиді: жүргізушінің сақтандыру полисінің болмауына байланысты хаттаманы толтырмай, жіберуін өтінген. Полиция қызметкері келісіп, үйіне Алмагүл ықшамауданындағы тәттілер сататын дүкеннен торт алып беруін айтқан. Олардың диалогы телефон камерасына түсірілген.

Тәртіп бұзушы полицейдің сұрағанын жасаған: ол тапсырысқа сәйкес торт сатып алады, тауарды және телефон арқылы түбіртекті көрсетіп, содан кейін тәртіп сақшысы оқиға орнына келеді. Бақылау камералары патрульдік көліктің "Бақдәулет" сауда орталығына қалай келгенін, оған жігіттің тортпен қалай кіріп, бос шыққанын түсіріп алған. Полиция көлігінің мемлекеттік нөмірі де жазылған. 

Бұл оқиғаға қатысты Атырау қалалық полиция басқармасы өкілдері пікір білдірді.

"Оқиға 2022 жылдың 30 желтоқсанында болған. Бұл дерекке қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп, патрульдік полиция батальонының екі қызметкері теріс уәжбен жұмыстан шығарылды", - дейді басқарма өкілдері. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!