Медеуде альпинист Анатолий Букреевтің ескерткіші ашылды

Медеуде альпинист Анатолий Букреевтің ескерткіші ашылды
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Медеу шатқалында көрнекті қазақстандық альпинист Анатолий Букреев мүсінінің салтанатты ашылуы өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты рәсімге Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, мүсінші Нұрлан Далбай, альпинизмнен Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы, тәлімгер және Букреевтің досы Ерванд Ильинский, журналист және аты аңызға айналған альпинистің күнделіктеріне негізделген Букреев туралы "Над облаками" кітабының авторы Галина Муленкова қатысты.

Мүсін авторы - Нұрлан Далбай. Ол Анатолий Букреевті құзға шығар алдында сәл демалып тұрған кейпінде бейнелеген. Альпинистің қолы мұз шапқышқа тиіп тұр. Мүсін Нұрлан Смағұлов қорының бастамасымен және қолдауымен орнатылды.

Бұл - Нұрлан Смағұлов Қоры қала тұрғындарына берген үшінші мүсіні. Меценаттың жоспары бойынша, қаламызда көрнекті алматылықтар мүсіндерінің сериясы пайда болуы тиіс. 

Айта кетейік, Букреев 2023 жылғы 16 қаңтарда 65 жасқа толар еді. Анатолий Николаевич - биік таудағы альпинист, еңбек сіңірген спорт шебері,"Қар барысы" атағының иегері, сегіз мыңдық планетаның 14 тауының 11-ін және төрт рет Эвересті бағындырған. Оның Эверестке көтерілуінің бірі Балтазар Кормакурдың "Эверест" голливудтық фильмінің негізі болды.

Анатолий Букреев - "Ерлігі үшін" орденінің иегері (1989), өз өміріне қауіп төне тұрса да, тауда адамдарды құтқарған альпинистерге берілетін америкалық альпинизм клубының ең жоғары наградасы - Дэвид Соулс медалінің иегері (1997), қайтыс болғаннан кейін "Ерлігі үшін" қазақстандық медалімен марапатталды (1998).

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек