Masdar компанияcы Түркістан және Жамбыл облыстарында жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр

Masdar компанияcы Түркістан және Жамбыл облыстарында жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Masdar компаниясының бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Рамахимен кездесуінде айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақорданың хабарына қарағанда, кездесуде энергетика саласындағы бірлескен жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстан 2060 жылға дейін көмірсутегі бейтараптығына қол жеткізуді, сонымен бірге 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 4 пайыздан 15 пайызға дейін  арттыруды көздеп отырғанын айтты.

 Сонымен қатар Президент Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен KIDF қоры және Masdar компанияcы арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум толыққанды жүзеге асырылатынына сенім білдірді. Осы құжатқа сәйкес, Түркістан және Жамбыл облыстарында қуаттылығы 1 ГВт жел электр станциясын салу жөніндегі бірлескен жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Мұхаммед Әл-Рамахи кездескені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, еліміздің жасыл энергетиканы дамыту саласындағы әлеуеті зор екенін айтты. Сонымен бірге оның компаниясы бұл бағыттағы ірі жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!