Алматы облысындағы жол апаты: прокуратура қызметкерлерді жауапқа тартуға ниетті

Алматы облысының прокуратурасы жолдарды пайдалануға және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты тұлғаларға қатысты Қылмыстық кодекстің 353-бабының 3-бөлігімен "Абайсызда адамның өліміне әкеп соқтырған көлікте қолданылатын қағидаларды бұзу" дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Прокуратура "Алматы-Шелек-Қорғас" республикалық маңызы бар жолдың 165-шақырымында жол апаты салдарынан бір адамның қаза болуына себепкер болған қызметкерлерді жауапқа тартуға ниетті.

Алматы облысы прокуратурасының хабарына қарағанда, бұл апатқа көктайғақ және "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы" АҚ-ның тарапынан жол жамылғысын уақтылы тазаламауы себеп болған.

ҚР "Автомобиль жолдары туралы" заңының 19-бабына сәйкес, жол органы және автомобиль жолдарын басқарушылар қызмет көрсететiн автомобиль жолдары және олардағы құрылыстар көлiк құралдарының үздiксiз және қауiпсiз жүруiн қамтамасыз ететiн жағдайда күтiп ұсталуы үшiн жауапты. Істі тергеумен Алматы облысы Полиция департаментінің тергеу басқармасы айналысып жатыр. Қазіргі уақытта тергеу органымен істі дұрыс шешуге қажетті және жеткілікті мән-жайларды жан-жақты, толық және объектив зерттеуге бағытталған тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!