"5-6 мамандықтың иесімін". Көрінбей кеткен танымал адамдар қайда жүр?

"5-6 мамандықтың иесімін". Көрінбей кеткен танымал адамдар қайда жүр?

Бір кездері шоу-бизнесте жұлдызы жанған әншілердің көпшілігі қазір сахна төрінде емес. Кейбіреулер мұның себебін басқа кәсіпке кетуімен байланыстырады. Massaget.kz тілшісі өнерде көрінбей кеткен танымал адамдар кім екеніне және оған не себеп болғанына шолу жасады.

"10 жыл қайда жүр?" Диана Қырықбаева

Бір кездері шоу-бизнес әлемінде өзіндік стилімен жарқ еткен әншілердің қатарында Динара Қырықбаева да бар.

Алайда ол өнерден алыстап кеткелі біраз уақыт болды. Диана Қырықбаева кейінгі сұхбаттарының бірінде "10 жыл бойы қайда жүрсің?" дейтіндерге жауап берген болатын.

"10 жыл Диана Қырықбаева қайда жүр?" дегенде, Құдайға шүкір, 3 балам бар. 2 қыз, 1 ұлым бар. Өзімнің кішігірім бизнесім бар, кәсіпкермін деуге болады" - деді ол.

Әншінің Instagram-парақшасына назар аударсақ, өзін "блогер - кәсіпкер - әнші" деп сипаттаған. Оның парақшасына 1 миллион 400 мың адам жазылған. Сонымен қатар, оның вайн түсіріп жүргенін де көруге болады. Алайда музыка саласына қатысты ештеңе жоқ.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Динара Қырықбаева (@kyrykbayeva)

"Себебі бар". Тахмина Әшімбекова

2000 жылдардың басында халықаралық байқауларға қатысып, өнер әлеміне қадам басқан Тахмина Әшімбекова да қазір концерттерден көп көріне бермейді.

Әнші 4 жыл бұрын берген сұхбатында 100 пайыз өнермен айналыса алмауының себебі отбасы екенін айтқан еді.

"Көрінбей кеткенмен, тіршілігімді жасап жатырмын. Өнерден мүлде кеткен жоқпын. Бірақ халықтың іздегені, "сағындық дауысыңызды" дегені мені қуантады. Жаңа әндер жазып жатырмын. Әйел адам болғандықтан тіршілігіміз көп. Отбасында тірлігіміз көп. Бала-шағамыздың қамы. Сондықтан 100 пайыз өнерге бұра алмаймын. Себебі бар. Отбасым ең бірінші орында. Өнер бойда болғаннан кейін ешқашан жерде қалмайды", - деген еді ол.

Stan.kz мәліметінше, әнші КТК арнасының "Астарлы ақиқат" бағдарламасында жылына 10 концерттің үшеуіне қатысатынын айтқан.

"Мен өнерден кеткен жоқпын. Жылына 10 концерт болса, соның үшеуіне қатысамын. Шақырған жерден қалмаймын. 5-6 мамандықтың иесімін, үйде өзім педиатрмын, бастауыш мектептің мұғалімімін, өзім суретшімін. Бәріне үлгеріп бағып жатырмын. Балаларым енді өсіп жатыр... Менің жолдасым өнерді қатты түсінеді. Мен білмейтін әндердің авторларын біліп отырады. Соның қолдауымен 30-40 пайыз өнерде жүргенім", - дейді Әшімбекова.

Әншінің Instagram-парақшасынан оның кейінгі кезде концерттерге шығып жүргенін көруге болады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Тахмина Əшімбекова (@tahmina_ashimbekova)

"Шоу-бизнестен шаршаған". Сырым Исабаев

Осыдан 11-12 жыл бұрын "Жүрегім, жаралама, жаралама, сағынамын" деп шырқатқан Сырым Исабаев та қазір шоу-бизнестен алыстап кеткен. 

Сырым Исабаев Қайрат Нұртаспен ән жазып, сахнаға бірге шығып жүрген болатын. Тіпті көпшілік арасында "Қайрат пен Сырым жанжалдасып қалған" деген қауесет те тараған еді. 

Продюсер Гүлзира Айдарбеков "Гу-гу-лет" бағдарламасында Сырым Исабаев неліктен өнерден алыстап кеткенін түсіндірген болатын. Оның сөзінше, Сырым шоу-бизнестен қатты шаршап кетіп, басқа жолды таңдаған. Сондай-ақ, ол Сырым Исабаев үнемі ән айтып жүре бергісі келмей, бизнеске бет бұрғанын алға тартқан еді.

Жақында көрінбей кеткен әнші Сырым Исабаев Желіде Қайрат Нұртаспен түскен суретін жариялаған болатын.

"Бауырларым!", - деп жазған Сырым. 

Ал Instagram-парақшасында өзін "кәсіпкер" деп сипаттаған. Сонымен қатар, ол Желіде белсенді емес екенін байқауға болады. Кейде отбасылық суреттерін жариялап тұрады.

Instagram-парақшасынан

"Салмақ бойынша да дайындалып жатырмыз". Алмас Кішкенбаев

2004 жылы өткен SuperStar KZ атты танымал байқауда жеңімпаз атанған Алмас Кішкенбаевтың бір кездері атағы жер жарғаны жасырын емес. Алайда әнші ұзақ уақыт бойы өнерден алыстап кеткен еді.

Алмас Кішкенбаев Аман Тасығанға берген бір жыл бұрынғы сұхбатында дайындалып жүргенін жеткізген еді. 

"Алматыда жүрмін. Әзірге дайындалып жатырмыз. Салмақ бойынша да дайындалып жатырмыз. Толықтай арылдым дей алмаймын. Жарты жолға келген шығармын", - деген еді ол.

Әнші "Шыны керек" бағдарламасына 4 жыл бұрын берген сұхбатында неге өнерден алыстап кеткенін айтып, бір кездері ішімдікке салынып кеткенін де жасырмады.

"Астанадамын. Әндердің шықпай жүргені, былайынша айтқанда, шығармашылық дағдарыс. Біраз уақыт әндер іздедім. Табылмағаннан кейін "үзіліс болғаны дұрыс шығар" деп шештім. Сол кезеңде Астанаға көштім. ...Бір кезеңдер болды. Ішімдікке салынып кеттім дей алмаймын. Мендегі артық салмақ соның кесірінен. Қазір ол жаман нәрседен алыспын. Арнайы емделетін жерге баруға тура келді. Өзімді тоқтата алмайтындай дәрежеге жеткенімді өзім білмей қалдым", - деген еді ол.

Ал Instagram-парақшасына назар аударсақ, әнші белсенді екені байқалады әрі жаңа туындыларын үнемі бөлісіп отырады. 

"Тойға шығып жүр". Нұрлан мен Мұрат 

"Нұрлан мен Мұрат" тобы 1996 жылы Атырауда құрылған болатын. Олар алғаш рет қазақша рэп айтып танылған. Қоржындарында атақты "Махаббат", "Лейла", "Жұлдызым" секілді әндері бар. Нұрлан мен Мұрат "1001 ТҮН" бағдарламасына берген сұхбатында қазір немен айналысып жүргендерін айтқан еді.

Топ мүшесі Нұрланның сөзінше, ол қыздар тобын құрмақ болған.  

"Үлкен шаруалармен Мұрат Ақтауға көшіп кетті. Әрі жүрдім, бері жүрдім. "Қой бірдеңе құруым керек, болмайды" дедім. Жалғыз айтып жүрдім. Бәрібір мені дуэт болып көріп қалғаннан кейін қасыма жас жігіт іздедім. Алдым дегеннің өзінде арасында үлкен әңгіме кетеді. "Бұл Мұраттан жақсы екен, бұл Мұраттан шамалы екен" дегендей салыстырады. Бұл әңгімеден аулақ болайын деп, жігіт мәселесін алып тастадым. Бөлек істеп көрейін деп, қара нәсілді қыз алдым. Нигериядан келген. Ол қызбен жұмыс істеп бастадық, дауысы да, тембрі де әдемі. Өкінішке қарай, сыйыспайтын болдық. Қыз алған соң эксклюзив болуы керек, содан кейін орыс қыз алдым. Тамаша қыз, бойы да ұзын. Күйеуі рұқсат бермей қойды. Қазақ қыз іздедім, таптым. Өлең айта бастадық. Бәрі "Маша и Медведь" дейді", - деді Нұрлан.

Ал Мұраттың сөзінше, өз мамандығына қайта оралған.

"Қазір Ақтауда Жантөрин атындағы театрда қызмет атқарып жатырмын. 20 жылдан кейін өз мамандығыммен жұмыс істеп жатырмын", - деді Мұрат.

Олар кейде бірге тойға шығатындарын айтты.

"Жағдайлары жететін кейбір адамдар хабарласып, "Нұрлан мен Мұрат болып келе аласыңдар ма?" дейді. Бірақ бағасы өзгеше болады", - деді олар.

"Үлкен бір қайғы болды". Ағайынды актрисалар

Танымал актрисалар Гүлбаушан мен Қаракөз Тілеубековалар да көптен бері фильм-сериалдардан көрінбей жүр. Кейінгі сұхбаттарының бірінде Қарагөз Тілеубекова мұның себебін Астанаға көшуімен байланыстырған еді. Ал Гүлбаушан Тілеубекова отбасындағы қайғылы жағдайлардан кейін сахнаға оралу қиындап кеткенін түсіндірген болатын.

"Бәрі сұрақ қойғаннан кейін айтайын деп отырмын. Өзімнің шығармашылық концертімді қойғаннан кейін туған үлкен апайым қайтыс болды. Аяқ астынан. Төбемнен жай түскендей болды. Содан кейін адам шығармашылыққа келуі қиын. Өте қиын. Кейін соғысқа аттанғандай талпынып, "бала-шағаны бағуым керек, өнер деген қиын жол" деп өзімді қамшылап біраз киноға түстім. Бірақ ауыр дерт екен. Тұрмысқа кетіп қаласың. Балаларыңды өсіруің керек. Сондай көп жұмыс кетіп қалды. Кейінгі кездері тағы шықпай жатқанымыз Қарагөз екеумізде үлкен бір қайғы болды. Жақсы көретін бауырымыз кетіп қалды", - деген еді Гүлбаушан Тілеубекова.

Еске салайық, бұған дейін көрінбей кеткен әншілер туралы материалдың бірінші бөлімін ұсынған едік.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова