Биылғы сайлауға мемлекет бюджетінен қанша бөлінген?

Биылғы сайлауға мемлекет бюджетінен қанша бөлінген?
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Биыл жыл басында Парламент Сенаты депутаттары сайланды. Әдетте, Үкімет жыл аяғында республикалық бюджетті екі жылға жоспарлайды. Бұдан екі жыл бұрын Орталық сайлау комиссиясының 2023 жылғы жұмысына бар болғаны 5 миллион теңге жоспарланса, ал былтырғы Заң бойынша, 2023 жылы өткен Сенат сайлауына 41 миллион теңге бөлінген. Massaget.kz тілшісі мемлекет бюджетінен сайлауға кеткен шығынды есептеп көрді.

14 қаңтарда Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы өтті. Оған  әр өңірден 1 өкілден 20 сенатор сайланған. Жалпы, сайлауға 130 кандидат ұсынылып, 55 кандидат дауысқа түскен еді. 

Қазақстан Республикасының № 163-VII ҚРЗ 2022 жылғы 1 желтоқсанда бекітілген "2023 - 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Заңда Орталық сайлау комиссиясының 2023 жылға арналған сайлауды ұйымдастыруға және өткізуге арналған жұмыстарына 41,75 миллион теңге сома бекітілген.

Сайлау өткізуді ұйымдастыруға - 1 254 477 теңге, ал өткізуге 40 497 476 теңге бөлінген. 

2021 жылғы 2 желтоқсанда бекітілген "2022 - 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Заңда Орталық сайлау комиссиясының 2023 жылы сайлау өткізуді ұйымдастыру және сайлау өткізу жұмыстары үшін жалпы 7 миллион теңге бөлінген. 

Сайлау өткізуді ұйымдастыруға 843 353 теңге, сайлау өткізуге 2 148 723 теңге, ал облыстық бюджеттерге аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері сайлауын қамтамасыз етуге және өткізуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерге 4 021 191 теңге бөлінген. 

Бұл Заң қабылданғаннан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 12 желтоқсанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Парламент сайлауы қашан өтетінін айтқан еді. Ол 14 қаңтарға бекітілді. 

Демек, биылғы шығын екі жыл бұрын бекітілген Заңда жоспарланған шығыннан 5 есе көп. 

Сонымен қатар, бюджеттің атқарылуы туралы есеп бойынша, 2021 жылы өткен Қазақстан Республикасы Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын өткізуге республикалық бюджеттен 11,21 миллион теңге бөлінген, бұл биылғы сайлауға бекітілгеннен сомадан 30,54 миллион теңгеге аз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек