Шетелде еңбек құлдығында қалған қазақстандықтар көбейді - СІМ

Шетелде еңбек құлдығында қалған қазақстандықтар көбейді - СІМ
Фото: azh.kz

Сыртқы істер министрлігі өкілдері Тайланд, Мьянма мен Лаос елдерінде еңбек құлдығында қалған қазақстандықтар жиілеп кеткенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, шетелге жұмыс іздеп барып, еріксіз қара жұмысқа жегілген қазақстандықтар саны екі азаматтан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, "Алтын ұшбұрыш" деп аталатын аймаққа тап болғандар көмек сұрап өтініш білдіргенмен, көбіне аты-жөнін жасырып қалуды сұрайды.

Бірнеше күн бұрын Желіде қазақстандық екі азамат Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмысқа барып, біраз уақыттан бері елдегі ата-анасымен байланысқа шықпай қалғаны белгілі болған. Кейін 25 жастағы қарағандылық Исламбек Қазбеков пен тараздық Жарас есімді азаматтың "Алтын үшбұрыш" деп аталатын аймақта еріксіз жұмысқа жегілгені анықталды. Бұл Тайланд, Мьянма мен Лаостың шекарасында орналасқан аса ірі көлемде есірткі өндірумен және сатумен танымал жер. Жоғалғандардың бірі өзінің қайда және қандай жағдайда екенін айтып интернет порталға жазба жариялаған.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі өкілдері қос азаматқа байланысты Тайланд пен Мьянманың мемлекеттік органдарымен байланыста екенін айтты. Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл - халықаралық-криминалды топтар ісі. Сондай-ақ, жоғалған екі адамнан басқа да азаматтар болуы әбден мүмкін. Көпшілігі оны жасырғысы келеді. Көбіне күмәнді компаниялар қазақстандықтарды аудармашы боласың деп апарып, кейін қара жұмысқа салып қояды.

"Басқа азаматтар да бар. Олар мұндай жағдайға түскенін білдіргісі келмейді. Олар еш қорықпастан өздерінің аты-жөнін, қайда болғанын айтсын. Өйткені біз білмесек, көмектесе алмаймыз. 2022 жылғы маусым аяғынан бері "Алтын үшбұрыш" деп аталатын Оңтүстік Шығыс аумағында, Мьянма, Лаос және Тайланд елдері, қазақстандықтардың еңбек құлдығында болуы жайлы жағдайдың жиілегені туралы айтып кеткен жөн", - дейді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек