"Ешқашан сенбеңіздер". Алаяқтар Димаш Құдайбергеннің атынан лотерея ұйымдастырған

Танымал әнші Димаш Құдайберген қазақстандықтарды интернет-алаяқтардан сақ болуға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол Instagram-парақшасында бөлісті. Оның айтуынша, алаяқтар әнші атынан жалған парақшалар ашып, онда лотерея сынды ойындар өткізіп жатыр.

"Өте маңызды! Аяғына дейін тыңдауыңызды сұраймын", - деп жазған әнші. 

Өнер иесінің айтуынша, ол ешқашан мұндай әрекетке бармаған. 

"Ассалаумағалейкум, құрметті достар! Бұл бейнетаспаны жазудағы мақсатым интернет желісінде, Facebook-те Димаш Құдайберген болып ашылған түрлі парақша халыққа, маған зиянын тигізе бастады. Жалпы, мен ешқашан ақша сұрайтын ойындар өткізбедім. Тыңдармандарым біле жатар, алдағы шығармашылық жаңалықтарды бөлісу үшін тікелей эфирдің өзіне, қателеспесем, 3-4 рет қана шықтым. Соны скриншотқа түсіріп алып, өздерінің алаяқ әрекеттерін жүзеге асыру мақсатында Димаш Құдайберген болып Facebook-те жалған парақшалар ашып алып, халықпен тілдесіп отырған фотомды қойып қойған. Сол арқылы лотерея сияқты түрлі ойын өткізіп жатқан сияқты етіп көрсеткісі келіп жатыр. Ешқашан сенбеңіздер. Мұндай ойындарды ешқашан ұйымдастырмадым, ұйымдастырмаймын да. Интернет арқылы ақша жіберуден абай болыңыз", - дейді өнер иесі видеода. 

Жаңалықтарды бәр інен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!