Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты бір шешімге келді

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 16,75 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бұл шешім инфляцияның Ұлттық банктің болжамдарына сәйкес келуіне байланысты қабылданған.

"Ішкі және сыртқы инфляциялық процестер динамикасы, сондай-ақ экономикалық өсу траекториясы Ұлттық банк болжамының базалық сценарийіне сәйкес қалыптасып жатыр. Айлық инфляция біртіндеп баяулап келеді, бірақ ол өзінің орташа жылдық мәндерінен жоғары күйінде қалып отыр. Инфляциялық тәуекелдердің балансы проинфляциялық күйін сақтап қалды, себебі инфляцияның орнықты бөлігі жоғары қалыптасып, инфляциялық күтулер қарқын алды. Логистикалық тізбектердің құрылымдық өзгеруі экономикаға теріс ықпалын тигізіп келеді. Сақталып отырған тәуекелдер базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт ішінде ағымдағы мәндерде ұстап тұруды талап етеді", - делінген хабарламада. 

Инфляция Ұлттық банктің болжамына сәйкес қалыптасып отыр. Базалық мөлшерлеме жөнінде келесі шешімді қабылдаған кезде 2023 жылғы ақпандағы раунд нәтижесі бойынша жаңартылған болжам ұсынылады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2023 жылғы 24 ақпанда Астана қаласының уақыты бойынша сағат 12:00-де жарияланады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!