Айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы марқұм ұлы туралы жантебірентерлік жазба жариялады

Танымал айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы ұлының қазасынан кейін көңіл айтып, қолдау білдірген қазақстандықтарға алғыс айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айтыскер ақын Facebook-парақшасында ұлы Әлихан туралы жантебірентерлік жазба жазған. Серікзат Дүйсенғазының отбасы күтпеген оқыс жағдайдан есті енді ғана жиып отырғанын атап өтті.

"Мұндай ауыр сынақты Алла ешкімнің басына бермесін. Қайғырғанға басу айтып, қамыққанға ақыл айтып жүрген адам болсам да жүрекке жазылмас сызат түсті. Енді оның емі тек Алланың тура жолы, Исламның иман байлығы ғана болар. Тағдырға иман келтірген мұсылманбыз ғой. Бергеніне шүкірлік қылған Аллаға алғанына күпірлік қылмаймыз", - деді айтыскер. 

Серікзат Дүйсенғазы ұлының қазасынан кейін көңіл айтып, қолдау білдірген қазақстандықтарға алғыс айтты.

"Алдымен, осы ең қиын сәтімде құлыншағымның қайғысын бөліскен барша қазақ халқына перзенттік һәм әкелік алғысымды айтамын. Төбесіне көтерген қара орман халқым болмаса ешкім емес екенімді білемін. Алла жазса, енді қалған ғұмырымда қазағымның келешегі үшін қызмет етіп өтермін. Мен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлымен кездесіп сөйлескен адам емеспін. Басыма қайғы түскенде оны Мемлекет басшысының бөліскенін азаматтық деп санаймын. Әлі өмірдің үлкен есігін ашып үлгермеген періште балам үшін менімен бірге қайғырып, көңіл айту хаттарын жолдаған Президент аппаратына, Үкімет мүшелеріне, депуттаттарға, облыс әкімдеріне, ректорларға, ақпарат құралдарының басшыларына, Бас мүфти бастаған дін қызметкерлеріне рақметімді айтамын. Тілек-ниеттеріңіз Құдайдан қайтсын!", - деп жазды ол.

Айтыскер ақын марқұм Әлихан жалғыз ұлы болған соң оның бойына ер-азаматқа тән барлық қасиетті сіңіріп өсіруге тырысқанын айтады.

"Өзім қандай да бір жақсы ортаға барсам ертіп апарып көрсетіп ​жүретінмін. Екеуміз қолымыз бос уақытта атқа мініп, балық аулайтынбыз. Жазды күндері тауға шығып, көлге шомылсақ, қысты күндері коньки мен шаңғы тебетінбіз. Кішкентай күнінен қалаған кітаптарын сатып әперіп, білімді болуға тәрбиеледік. Қазақтың халық ертегілерінен, балалар әдебиетінің озық үлгілерінен, танымдық энциклопедиялардан өзінің​ жеке кітапханасын жасақтадық. Құранның әліппесін таныту үшін​ екі жыл ​"Әзірет Сұлтан"​ мешітінің жазғы имандылық курстарында оқыттым. Нәтижесі жаман болған жоқ. Жетінші сыныпқа дейін №48 мектеп-лицейде білім алды. Жетінші сыныпта №9 "Зерде" дарынды балалар мектебіне қабылданды. Сол мектептің мықты ұстаздарының арқасында бойындағы ғалымдық қабілеті ашылды. Физика, информатика, робототехника салалары бойынша өткен қалалық, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жиырмадан аса сайысында олжа салды. Жоғары математика мен физиканы жақсы меңгерді. Тіпті, оның жасаған өнертапқыштық жобаларын өткен жазда ​ "Қазақстан" ұлттық арнасы түсіріп, эфирден көрсеткенін енді ғана біліп отырмын. Маған ол туралы өзі айтқан жоқ. Мақтанғанды ұнатпайтын", - деп жазды айтыскер. 

Оның сөзінше, ұлы Никола Тесла сияқты инженер-өнертапқыш ғалым болуды армандаған екен.

"Алдағы ақпан айында жиырма үш мемлекет қатысатын халықаралық "Жәутіков" олимпиадасының оқу-жаттығу дайындығынан толық өткен-тұғын. Енді медаль әкеледі деп күтіп жүргенде осындай жағдайға душар болдық", - деп жазды Серікзат Дүйсенғазы. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!