"Өзі бітірген оқу орнының ректоры". Басшылық қызметте жүрген шоу-бизнес өкілдері

Кеше танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов "Хабар" агенттігінің креативті продюсері болып тағайындалды. Шоу-бизнес әлемімен қатар мемлекеттік қызметте жүрген өзге де өнер адамдар бар. Massaget.kz тілшісі басшылық қызметте жүрген шоу-бизнес өкілдеріне шолу жасады. 

Азамат Сатыбалды

Былтыр 14 ақпанда театр және кино актері Азамат Сатыбалды өзі бітірген Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болып тағайындалды. Актер бұған дейін де басшылық қызметте болған. Мысалы, 2018 жылдың 27 желтоқсанынан бастап Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры болған. 

Әділ Ахметов 

Тағы бір театр және кино актері Әділ Ахметов 2020 жылдың қыркүйегінде астанадағы "Жастар" театрының басшысы болып тағайындалған еді. 

Әділ Ахметов 2002-2006 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының "Драма және кино актеры" мамандығын профессор Нұрқанат Жақыпбай шеберханасында тәмамдады.

Еңбек жолын 2002-2006 жылдары "Мен" театрында, 2006-2007 жылдары Тазабеков театрында актерлік қызметтен бастап, 2007 жылы Астана қаласы Жастар театрының негізін қалауға атсалысқан.

Жеңіс Сейдоллаұлы

Танымал әнші Жеңіс Сейдоллаұлы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжінің директоры. Ол бұл қызметке былтыр сәуірде тағайындалған болатын. 

Жеңіс Сейдоллаұлы экс-министр Дәурен Абаевпен

Айта кетейік, бұған дейін 2016-2018 жылдары Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының директоры, 2018 жылдан бастап 2022 жылға дейін "Қазақконцерт" ұйымын басқарған.

Тұрсынбек Қабатов 

Кеше әзілкеш Тұрсынбек Қабатов "Хабар" агенттігінің креативті продюсері болып тағайындалған болатын. Бұл туралы "Хабар" агенттігі" АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли Facebook-парақшасында хабарлады. Оның сөзінше, Тұрсынбек Қабатов жаңа қызметінде көрерменнің көзайымына айналатын тың, қызық жобаларды әзірлеумен және үйлестірумен айналысады.

Ринат Заитов

Айтыскер ақын Ринат Заитов "Алатау" дәстүрлі өнер театрының директоры қызметіне 2021 жылдың 8 ақпанында тағайындалған болатын. Бұған дейін 2008-2010 жылдар аралығында бірнеше республикалық және халықаралық айтыс додаларының жүлдегері, республикалык айтыстағы дүлдүл жеңімпазы болды. "Хабар" арнасында тікелей эфирде өткен жекпе-жек айтыстың жеңімпазы.

Айта кетейік, ақын, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман "Алатау" дәстүрлі өнер театрының айтыскер-ақындар құрамының жетекшісі. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!