"Балконнан аяғы тайып кеткен". Арқалықта 5-қабаттан құлаған тұрғын құтқарылды

"Балконнан аяғы тайып кеткен". Арқалықта 5-қабаттан құлаған тұрғын құтқарылды
Фото: Видеодан алынған кадр

Арқалықта 5-қабаттың балконынан құлаған қызды полицей құтқарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін таңғы сағат 05:30-да қаланың Жедел басқару орталығына куәгерлерден қала тұрғынының балконнан тайып кеткені, бірақ темірді ұстап үлгергені туралы хабар түскен.  

Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері Алмат Әмірхан мен Руслан Қапсаматов барған. Осылайша, Алмат Әмірхан далада қалып, ал әріптесі бесінші қабатқа көтерілген. 

Осы кезде ілініп тұрған қыз бесінші қабаттан құлап түскен. Төменде қалған полиция қызметкері оны қағып алған. Осының арқасында 29 жастағы қала тұрғыны зардап шеккен жоқ.  

Патрульдік полиция қызметкері Алмат Әмірхан бірнеше жарақат алып, аяғын ауыртып алды. Оған медициналық көмек көрсетілді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова