"Есікті ешкім ашпады": Көкшетаудағы трагедияға қатысты тың дерек шықты

"Есікті ешкім ашпады": Көкшетаудағы трагедияға қатысты тың дерек шықты
Фото: "Астана" телеарнасы

Көкшетауда тұрғын үйлердің бірінде жылу жүйесі жарылып, 3 әйел көз жұмған еді. Тұрғындар осы оқиғаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, қайтыс болғандардың бірі - үй иесі. Ол зейнет жасында болған. Қыдырып келген үй иесінің қос құрбысы 50 және 56 жаста. Үшеуінің де денесінің басым бөлігін күйік шалып, оларды құтқаруға мүмкіндік болмаған. Қазір оқиғаның негізгі себебі анықталып жатыр.

Бұл қайғылы оқиға Василковка шағынауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Құбырдан аққан қайнаған су алдымен пәтерді басып, содан кейін баспалдаққа жеткен. Мұны тұрғындар байқап, бірден дабыл қаққан. Олардың сөзінше, құтқарушылар өте баяу әрекет еткен.

"Алдымен 109-ға хабарластық. Бірақ олар бізге басқа жауапты мекемелерге хабарласуымызды сұрады. Осылайша, таңғы 4-5 ке дейін тек телефон арқылы жауап күттік. Көршілердің жарығы жанып тұрғасын терезесі мен есігін қайта-қайта қақтық. Бірақ ешкім ашпады. Ал тиісті сала мамандары келгенше ыстық су барлық дәлізді алып кетті", - дейді қала тұрғыны Жанна Көкешова.

Бұл іске қатысты облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі пікір білдірген.

"Бұл іс соталды тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіміне енгізілді. Алғашқы медициналық қорытындыға сәйкес, әйелдердің өліміне күйіктен болған шок себеп болып отыр. Медициналық сараптама тағайындалды. Соталды тергеу жүргізіліп жатыр", - дейді ПД баспасөз қызметі өкілі Гүлнар Пинчук.

Еске салайық, бұған дейін Көкшетауда пәтерді ыстық су басып қалғаны хабарланған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова