"Үш күн бойы жүрген". Астанада көпқабатты үй тұрғындарын күдікті жігіттер үрейлендірді

Астанада көпқабатты үй тұрғындарын күдікті жігіттер үрейлендірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Екі жігіттің кіреберісте жүріп, есіктерге тақап, пәтерлерде не болып жатқанын тыңдаған кезі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Үй тұрғындарының сөзінше, жастар күдікті көрінген.

"Сақ болыңыздар, есікті ашпаңыздар және балаларға ескертіңіздер. Сәтбаев, 23/1, ұрылар үш күн бойы қабаттарды аралап жүр. Тұрғындар байқады", - делінген хабарламада.

Полиция мәліметінше, бұл дерек бойынша Астана ПД өкілдері олардың кім екенін анықтап жатыр.

"Сонымен қатар, жедел ден қою және заңды шаралар қабылдау мақсатында осы адамдардың орналасқан жерін білсеңіз, 102-ге дереу хабарлауды сұраймыз", - деді Астана ПД баспасөз қызметінің басшысы Эльмира Шәуленова.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!