Ким Чен Ын қызын тақ мұрагерлігіне дайындап жатыр - БАҚ

Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ын қызын тақ мұрагері ретінде дайындап жатыр, - деп хабарлайды New York Times.

Газет мәліметінше, кейінгі кезде Ким Чен Ын қызымен бірге көпшілік алдына жиі шыға бастаған. Әзірге оның аты-жөнін және қанша жаста екенін шетелдік сарапшылардың ешқайсы нақты айта алмайды. Десе де, оның кенет қоғам алдына шыға бастауы КХДР басшысының қызын тақ мұрагері ретінде дайындап жатқанын білдіруі мүмкін.

Солтүстік Кореяның мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары жариялаған суретте қарашада зымыранды сынақтан өткізгеннен кейін түсірілген Ким Чен Ын мен оның қызы көрінеді.

Жаңа жыл қарсаңында Солтүстік Кореяның мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары олардың суреттерін тағы да жариялаған.

Кейінірек Оңтүстік Корея ұлттық барлау басқармасы қыздың Ким Чжу Э екенін анықтаған. Ол туралы 2013 жылы КХДР-ға барған атақты баскетболшы Деннис Родман да айтқан. Родман тіпті қызды өзі көтергенін жеткізген.

Пхеньян Ким Чен Ынның баласы бар екенін растаған кезде оның бары белгілі болды. Бұған дейін қарапайым солтүстіккореялықтар өз көшбасшысының балаларының ешқайсын көрген емес.

Оңтүстік Кореяда Ким Чен Ынның үш баласы бары айтылады. Чжу Э - оның екінші баласы. Ол шамамен он жаста.

Сарапшылардың көпшілігі Ким Чен Ынның балаларының бірін ядролық арсеналына байланысты іс-шараларға апаруы солтүстіккореялықтарға, әсіресе, жастарға оның отбасының билігі мен ядролық қаруды дамытуы әрі қарай жалғасатынын еске салу екенін айтып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!