Қатерлі дертті әуенмен емдеуге болатыны рас па?

Қатерлі дертті әуенмен емдеуге болатыны рас па?
Фото: pixabay

Қазнетте Петр Гаряев жасаған ем туралы бейнеролик тарады. Оның айтуынша, әртүрлі жиілікте белгілі бір әуенді тыңдау ЖҚТБ мен басқа да қатерлі дерттерді емдейді. Бұл шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды Stopfake.kz.

Басылым мәліметінше, Гаряевтың фейктері ғылымға қарсы, сонымен қатар, өте қауіпті саналады. ЖҚТБ да, басқа физикалық аурулар да әуенмен емделмейді. Ұдайы музыка тыңдау стресс деңгейін төмендетіп, деменция мен басқа да психикалық аурулардың белгілерін жеңілдететіні дәлелденген. Бірақ емдемейді. Сондай-ақ, әуен вирус және бактерия ауруларынан құтқармайды.

Бүгінде ЖҚТБ-ны толық емдей алатын дәрі жоқ. Ғалымдар әзірге әртүрлі әдістер мен дәрі-дәрмекті зерттеп, кейбір кезде жақсы нәтижеге қол жеткізіп жатыр. Мысалы, биыл шілдеде тін жасушаларымен тәжірибе түрінде ем алған ер адам ЖҚТБ-дан толық жазылып шыққаны туралы айтылған.

Осы және басқа емдеу әдістері зерттеліп жатқанда, ЖҚТБ-мен ауыратын науқастар ауруды антиретровирус терапиямен тоқтата алады. Бұл жасалмаса, онда ауру өршіп, ЖҚТБ сатысына өтеді.

Демек, Гаряевтың әдісімен емделіп, қымбат уақыт пен ұзақ өмір сүру мүмкіндігін жоғалтуыңыз ықтимал. Конспирологияны жақтаушылар бұған дейін де әуеннің фантастикалық қасиеттерін айтқан болатын. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова