Путин атысты тоқтатты. Зеленский бұл ұсынысқа не деді?

Ресей президенті Владимир Путин Рождество қарсаңында атысты тоқтату туралы шешім қабылдады. Украина президенті Владимир Зеленский бұл ұсынысты қабылдады ма? Massaget.kz тілшісі Украинадағы кейінгі жағдайларға шолу жасады.

Путин православие Рождествосы қарсаңында атысты тоқтатуды тапсырды

Ресей президенті Владимир Путин елдің қорғаныс министрі Сергей Шойгуға православие Рождествосында, яғни 6 қаңтарда сағат 12.00-ден 7 қаңтарда сағат 00.00-ге дейін Украинадағы атысты тоқтату режимін енгізуді тапсырды. Бұл - соғыс басталғаннан бері Мәскеудің алғашқы осындай хабарландыруы.

Путиннің бұйрығы туралы хабарлама Кремль сайтында жарияланған. Мәтінде атысты тоқтату орыс православие шіркеуінің патриархы Кириллдің ұсынысы бойынша жарияланғаны айтылған. Сонымен қатар, Ресей тарапы Киевті де атысты тоқтатуға шақырған.

Зеленский Путиннің ұсынысын қабылдамады

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путиннің Рождество бітімі туралы ұсынысына жауап берді. Украина көшбасшысы Ресей осы сылтаумен Украина мен Еуропаға қарсы "басқыншылықтың жаңа толқынына" дайындалып жатқанын айтады. Зеленскийдің пікірінше, Ресей позициясын күшейту үшін үнсіздік режимін қолданғысы келіп отыр.

"Олар Рождествоны Донбасстағы әскердің жылжуын тоқтату және техниканы, оқ-дәрілерді, мобилизацияланғандарды біздің позициямызға жақындату үшін қорғаныс ретінде пайдаланғысы келеді", - деді ол бейнеүндеуінде.

Украинадағы экономикалық өндіріс 2022 жылы күрт төмендеді

Жалпы ішкі өнім көрсеткішіне негізделген алдын ала мәліметтерге сәйкес, былтыр Украина экономикасы 30,4 пайызға қысқарған. Украина экономика министрі Юлия Свириденко ЖІӨ-нің төмендеуі Кеңес Одағы ыдырағаннан бергі айтарлықтай көрсеткіш болғанын мәлімдеді. Бірақ бұл көрсеткіш соншалық ауыр болмаған.

"2022 жылы Украина экономикасы тәуелсіздік тарихында Ресей келтірген ең үлкен шығынға ұшырады", - деді Свириденко.

Ал премьер-министр Денис Шмыгаль желтоқсанда экономика 50 пайызға қысқаруы мүмкін екенін мәлімдеді.

Ресей неміс активтерін тәркілейтінін мәлімдеді

Ресей Мемлекеттік Думасының басшысы Вячеслав Володин Германия Украинаны қаржыландыру үшін Ресейге тиесілі мүлікті пайдаланса, Германияға тиесілі мүлікті тәркілеуі мүмкін екенін ескертті.

"Мұндай шешім қабылданған кезде Германия мен басқа мемлекеттердің мүлкіне қатысты осындай әрекеттерге құқылымыз", - деп жазды Володин Telegram-арнасында.

Еске салайық, бұған дейін Путин Украинадағы атысты уақытша тоқтату туралы шешім қабылдағаны хабарланған болатын. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!