"Сау тамтығы қалмаған, бүкіл киімі жыртылған". Үндістанда әйелдің қазасынан кейін наразылық басталды

"Сау тамтығы қалмаған, бүкіл киімі жыртылған". Үндістанда әйелдің қазасынан кейін наразылық басталды
Фото: Видеодан алынған кадр

Үндістан астанасында көптеген адам наразылық шеруіне шықты. Олар скутер жүргізіп келе жатып, көлікпен соқтығысқан әйелге қатысты әділдік сұрап отыр. Әйелді көлік қағып кетіп, Дели көшелерімен сүйреген, - деп хабарлайды The Hindu

Дели полициясы мәліметінше, 1 қаңтарда таңертең 20 жастағы әйел тізгіндеген скутер көлікпен соқтығысқан. Арнайы комиссар тобы тергеу жүргізу үшін Султанпури - Канжавала тасжолына барған. Полицияның арнайы комиссары Шалини Сингх өз командасымен Султанпуриден Канджавалға дейінгі 12 шақырым жолды қарап шыққан. Бұл жерлермен көлік жүргізушісі әйелді сүйреген.

"Бізде оны шамамен 10-12 шақырым сүйреп апарғаны туралы ақпарат бар. Содан кейін бұрылыста мәйітті көліктен лақтырып жіберген", - деді Дели полициясының өкілі Сагар Худа баспасөз мәслихатында.

Болжам бойынша, көлікте бес ер адам болған. Олар абайсызда кісі өлтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Айыпталушылардың бесеуі де үш күндік полиция изоляторына жіберілген.

Құқық қорғау органы өкілінің сөзінше, жәбірленушімен бірге болған куәгер полициямен ынтымақтасады. Дели полициясының аға қызметкері Харендра Сингхтің айтуынша, әйелдің денесінің сау тамтығы қалмаған, бүкіл киімі жыртылған.

Басылым мәліметінше, оқиға кезінде айыпталушылар мас болған деген күдік бар.

Жол апаты туралы анық-қанық ақпарат Үндістанда наразылық тудырды. Жергілікті тұрғындар күдікті қылмыскерлерге қатаң жаза талап ету үшін көшеге шыққан. Оқиға болған аймақтағы полиция бөлімшесі маңына жүздеген адам жиналған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова