"Мал сияқты тиеді". Дикий Арманның қаңтардағы әрекеті туралы жаңа деректер айтылды

Мәжілісте Қаңтар оқиғасына байланысты тергеу нәтижелері айтылып, тәртіпсіздік кезіндегі кадрлар көрсетілді. Сонымен қатар, тәртіпсіздік барысында Дикий Арман тобы қандай қылмыс жасағаны айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бас прокуратура жариялаған мәліметтерге сүйенсек, тәртіпсіздікте 12 қылмыстық топ әрекет еткен.

"Қасіретті қаңтарда 12 ҰҚТ әрекет еткені белгілі болды. Олардың ішіндегі ең белсенділері - "Қазақстандықтар", "Айшуақ-Жантүгел" және "Дикий Арман" топтары. Соңғысы қаланың әр жерінен 24 азаматты ұрлап, ұрып-соғып, "Қазақстан", Ritz-Carlton қонақүйлерінің паркингтерінде ұстаған", - делінген видеода.

Сонымен қатар, қылмыстық топтың әрекетінен зардап шеккендердің бірі пікір білдірген.

"Өте қатты азғындықпен бәрімізді сол жерде ұстап, ұрып-соғып, қан жоса қылып, таңертең сағат 11 уақытында жүк көлігіне мал ұқсатып тиеп, контейнерге апарып, бір тәулік ұстады", - дейді видеода зардап шеккендердің бірі.

Видеодан алынған кадрлар

Бас прокурор қаңтардағы оқиғада "Дикий Арманның" ролі қандай болғанын айтты.

"Тергеу нұсқасы бойынша, Алматыда Жұмагелдиевке ("Дикий Арман") ерекше роль берілді. Оның ҰҚК жетекшісінің келісімімен әрекет еткенін анықтадық. Ол тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, көпшілікті бақылауға алып, билікке бірыңғай ультиматив қою үшін "Халық кеңесін" құруы керек еді", - деді бас прокурор Мәжіліс отырысында.

Оның айтуынша, бұл істе оған Алматы Мәслихатының бұрынғы депутаты, сондай-ақ, Алматыдағы "Қазақстан" қонақүйіне ұйымдасқан түрде келген бұзақыларды қаруландырған Махатов белсенді көмектескен.

Еске салайық, былтырғы жаппай тәртіпсіздік газға байланысты мәселеден шыққан еді. 2 қаңтарда Жаңаөзенде жиналған жұрт сұйытылған газ бағасын төмендетуді талап етті. Кейін басқа қалалар да осы үнге қосыла бастады. Соның қатарында Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Орал тұрғындары да болды. Осылайша, 4 қаңтарда Қазақстанның түкпір-түкпірінде наразылық акциялары өтті. Сондай-ақ, жаппай тәртіпсіздікке ұласқан оқиға салдарынан интернетте де ақау шықты. 

Ал Бас прокуратурада Алматыда өткен жаппай тәртіпсіздік хронологиясын жасаған еді. Сол мәліметтерге сүйенсек, 4 қаңтарда сағат 18.00-ден 20.00-ге дейін "Алматы - Арена" спорт кешені мен "Халық-Арена" стадионы маңында жұрт жиналған. Сағат 21.00-де жиналған адамдар қала әкімдігіне қарай қозғала бастаған. Осылайша, олар Абай, Төле би көшелерімен жүріп келе жатып, адам қосып отырған. Тәртіпсіздікке қатысушылар 5 қаңтарда Әуезов ауданының Полиция басқармасының, Алмалы ауданының Полиция басқармасы мен бөлімінің әкімшілік ғимараттарын басып алуға тырысқан. Ал кешке қарулы шабуылшылар қаланың Полиция департаментінің ғимаратына шабуыл жасаған. Әкімдік пен Президент резиденциясына шабуыл кезінде қылмыскерлер атыс қаруын қолданудың қаупін түсінгенімен, ғимараттарға мақсатты түрде шабуыл жасаған.

Ал қаңтар оқиғасынан кейін тұрғындардың талабы орындалып, өңірлерде сұйытылған газ бағасы 50 теңгеге түсті. Сондай-ақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы болған Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары ұсталды. Өңірлерде әлі күнге қаңтар оқиғасына қатысты істер жүргізіліп жатыр. 2 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасау туралы заңға қол қойған. Бұл бойынша 1500-ға жуық адамға рақымшылық жасалатыны белгілі болды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!