"2 миллиард теңгеден аса". Қаңтарда зардап шеккендерге қандай көмек көрсетілді?

"2 миллиард теңгеден аса". Қаңтарда зардап шеккендерге қандай көмек көрсетілді?
Фото: ©Tengrinews.kz

Қаңтар оқиғасында зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетілді. Бұл туралы "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қорының ресми парақшасында жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"2022 жылғы 5 қаңтардағы жағдай бойынша "Қазақстан халқына" қоры қайғылы қаңтар оқиғасы барысында зардап шеккен 540 адамға жалпы сомасы 2 миллиард 112 миллион теңгеге қайырымдылық көмек көрсетті", - делінген хабарламада.

Соның ішінде:

- қаза тапқан 19 әскери қызметшінің, ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерінің отбасыларына - 133 миллион теңге (7 миллион теңгеден);

- Ауыр жарақат алған 111 әскери қызметшіге, ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне - 333 миллион теңге (3 миллион теңгеден);

- Қаза тапқан әскери қызметшілердің, ішкі істер органдары мен ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасыларындағы 23 кәмелетке толмаған балаға - 46 миллион теңге (әрбір кәмелетке толмаған балаға 2 миллион теңгеден);

- қаңтар оқиғаларының кездейсоқ құрбаны болған ҚР 135 азаматының отбасыларына - 945 миллион теңге (7 миллион теңгеден);

- кездейсоқ құрбан болған Қазақстан Республикасының қаза тапқан азаматтарының отбасыларындағы 101 кәмелетке толмаған балаға - 202 миллион теңге (әрбір кәмелетке толмаған балаға 2 миллион теңгеден);

- атыс қаруынан зардап шеккен және жәбірленуші деп танылған 138 ауыр жараланған кәмелетке толған азаматтарға - 414 миллион теңге (3 миллион теңгеден);

- қаңтар оқиғасы кезінде жарақат алған 13 баланың отбасыларына - 39 миллион теңге (3 миллион теңгеден).

Еске салайық, былтырғы жаппай тәртіпсіздік газға байланысты мәселеден шыққан еді. 2 қаңтарда Жаңаөзенде жиналған жұрт сұйытылған газ бағасын төмендетуді талап етті. Кейін басқа қалалар да осы үнге қосыла бастады. Соның қатарда Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Орал тұрғындары да болды. Осылайша, 4 қаңтарда Қазақстанның түкпір-түкпірінде наразылық акциялары өтті. Сондай-ақ, жаппай тәртіпсіздікке ұласқан оқиға салдарынан интернетте де ақау шықты. 

Ал Бас прокуратурада Алматыда өткен жаппай тәртіпсіздік хронологиясын жасаған еді. Сол мәліметтерге сүйенсек, 4 қаңтарда сағат 18.00-ден 20.00-ге дейін "Алматы - Арена" спорт кешені мен "Халық-Арена" стадионы маңында жұрт жиналған. Сағат 21.00-де жиналған адамдар қала әкімдігіне қарай қозғала бастаған. Осылайша, олар Абай, Төле би көшелерімен жүріп келе жатып, адам қосып отырған. Тәртіпсіздікке қатысушылар 5 қаңтарда Әуезов ауданының Полиция басқармасының, Алмалы ауданының Полиция басқармасы мен бөлімінің әкімшілік ғимараттарын басып алуға тырысқан. Ал кешке қарулы шабуылшылар қаланың Полиция департаментінің ғимаратына шабуыл жасаған. Әкімдік пен Президент резиденциясына шабуыл кезінде қылмыскерлер атыс қаруын қолданудың қаупін түсінгенімен, ғимараттарға мақсатты түрде шабуыл жасаған.

Ал қаңтар оқиғасынан кейін тұрғындардың талабы орындалып, өңірлерде сұйытылған газ бағасы 50 теңгеге түсті. Сондай-ақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы болған Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары ұсталды. Өңірлерде әлі күнге қаңтар оқиғасына қатысты істер жүргізіліп жатыр. 2 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасау туралы заңға қол қойған. Бұл бойынша 1500-ға жуық адамға рақымшылық жасалатыны белгілі болды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова