"Роботтарға адам өлтіруге рұқсат берілген". Ақпараттың рас-өтірігі анықталды

"Роботтарға адам өлтіруге рұқсат берілген". Ақпараттың рас-өтірігі анықталды

Әлеуметтік желі қолданушылары Сан-Францискода робот полицейлерге адамдарды өлтіруге рұқсат етілгені туралы жазып жатыр. Алайда Stopfake.kz мәліметінше, бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Желіде тараған хабарламада енді көліктер күдіктілерді өз бетінше анықтап, жағдайды бағалай келе, оқ ата алатыны жазылған. Бұл хабарламаны түсіндірейік.

Stopfake.kz мәліметінше, біріншіден, бұл жерде қабылданған шешім туралы емес, Сан-Франциско полициясы талқылауға шығарған ұсыныс туралы айтылып отыр. Екіншіден, бұл адам басқаратын Remotec және басқа маркалы роботтарға қатысты. Яғни іс жүзінде робот тек қару ролін атқарады, ал күш қолдану туралы шешімді роботты қашықтан басқаратын полиция қызметкері қабылдайды.
Үшіншіден, хабарламаға адамды шатастыратын фотосурет тіркелген. Онда танкке ұқсайтын Remotec роботы емес, Knightscope бақылаушы роботы көрсетілген.

Мұндай роботтар ешқандай қарумен жабдықталмаған және ешкімді өлтіре алмайды. Олар камералармен, датчиктермен жабдықталған және көп адамды бақылауға арналған. Мысалы, мұндай роботтар казиноларда пайдаланылады. Яғни таратылған хабарламада деректер қасақана бұрмаланған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина