Моңғолия астанасының атауын Тұрар Рысқұлов қойып бергені рас па?

Моңғолия астанасының атауын Тұрар Рысқұлов қойып бергені рас па?
Фото: Ашық дереккөз

Желіде Моңғолия астанасына Ұлан-Батыр деген атауды Тұрар Рысқұлов ұсынды деген ақпарат тараған, - деп хабарлайды Factcheck.kz.

Басылым мәліметінше, Тұрар Рысқұлов Моңғолия астанасын "Ұлан-Батыр-Хото" деп атауды ұсынған. Мұны қазақстандық және шетелдік дереккөздер растайды. Бұл қатарда америкалық зерттеуші Майкл Диллонның Mongolia: A Political History of the Land and its People кітабы, И.И. Ломакиннің "Монгольская столица, старая и новая" кітабы, сондай-ақ, Рысқұловтың еңбектер жинағы бар. Бұл ұсыныс қабылданған, ал кейін "Хото" сөзі астана атауынан алып тасталған.

1924 жылы Қытайдан тәуелсіздік алу үшін бірнеше жыл күрескен моңғол революционерлері коммунистік идеалдарға негізделген Моңғол Халық Республикасын құрған. Сол жылғы қарашада кеңес және моңғол саяси қайраткерлері сол кезде "Урга" деп аталған МХР астанасына жиналған. Олардың арасында Тұрар Рысқұлов та болған. Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі астананың атын өзгерту болған. 1-ші халықтық хуралдың хаттамаларында көптеген ұсыныс айтылғаны, бірақ көпшілік "Батор-Хото" атауына дауыс бергені айтылады. Содан кейін Тұрар Рысқұлов трибунаға шығып, Ургуды "Ұлан-Батыр-Хото", яғни қызыл батыр қаласы деп атауды ұсынған.

Ол "Батор-Хото" деген атауды Шыңғыс ханға байланыстырған. МХР-де жаулап алу мақсаты болмаған, оның негізінде революциялық даму жолы жатыр. Сондықтан коммунистік бастамаға сүйенген "Ұлан-Батор-Хото" атауы бірауыздан қабылданған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова