"Ет жемеймін, тон кимеймін". 32 жастағы министр туралы не белгілі?

Бүгін 32 жастағы ақтөбелік Зүлфия Сүлейменова экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. Жас шенеуніктің ел білмейтін қызық тұстары бар екен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қайда оқыған?

Зүлфия Сүлейменова 1990 жылы Ақтөбеде дүниеге келген. Ол Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде "Халықаралық қатынастар" мамандығы бойынша бакалавриат пен магистратураны бітірген. "Қауіпсіздік және халықаралық зерттеулер" бағдарламасы бойынша Жапонияның саяси зерттеу ұлттық институтында PhD докторы дәрежесін алған.

Қайда жұмыс істеген?

2019 жылы президенттік жастар кадрлық резервіне мүше болған. Ол Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаменті директорының орынбасары, Қоршаған орта және даму, энергетика, сондай-ақ, БҰҰ Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (Бангкок, Таиланд) макроэкономикалық саясат және дамуды қаржыландыру жөніндегі дивизиондарының консультанты болған. БҰҰ даму бағдарламасының Қазақстандағы және Түрікменстандағы кеңселерінде жұмыс істеген. Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері болған.

2021 жылғы қаңтардан 2022 жылғы наурызға дейін Мәжіліс депутаты болған. Ал 2022 жылғы наурызда экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі болып тағайындалған.

2022 жылғы маусымда Қазақстанның жаһандық экологиялық қор бойынша ұлттық үйлестірушісі болды.

Министр туралы қызық ақпарат

"Хабар 24" телеарнасына берген сұхбаттарының бірінде шенеунік ет жемейтінін, аң терісінен тон кимейтінін, дельфинарийлер мен хайуанаттар бағына бармайтынын айтқан.

"Тон кимеймін, ет жемеймін. Жануарларға деген адамгершілік көзқарас өзімізден басталуы керек деп санаймын. Жануарларға сыналған косметиканы қолданбаймын, хайуанаттар бағына бармаймын. Бұл - менің жеке шешімім", - деген ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!