Қазақстанда биыл жұмыс орындарында 150-ден аса адам қаза тапқан

Қазақстанда биыл жұмыс орындарында 150-ден аса адам қаза тапқан
Фото: pixabay.com

Жыл басынан бері Қазақстанда жұмыс орындарында 150-ден астам адам қаза тауып, мыңнан астамы жарақат алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. 

Мамандардың айтуынша, жазатайым оқиғалардың ең негізгі себебі - қызметкердің абайсыздығы, өндірісті нашар ұйымдастыру және еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтамау. Жұмыс орнында жарақат алған қызметкердің бірі - Бекайдар Ілиясов. Оның миы шайқалып, кеуде қуысының зақымданып, қабырғасы сынған. 

Ол көгалдандыру жұмысымен айналысатын оның ішінде газондарды шығаратын кәсіпорында жұмыс істеген. Арнайы құрылғы арқылы материалдарды кесумен айналысқан. Жұмыс станогының ақауы барын басшылыққа бір емес бірнеше мәрте ескерткен. Бірақ салғырттық салдарынан кәсіпорында апат болып жұмысшы ауыр жарақат алыпты.

"Ол күні әдеттегідей жұмысқа келдім. Жұмыс машинасын қосып іске кіріскенімде апат болды. Көз алдым тұманданып кеткенін білем. Барлығы әп сәтте орын алды. Мені ауруханаға жеткізді дәрігерлер барлық ем-дом шараларын жасады. Бірақ толық айығып кетуім үшін моральдық өтемақы талап етіп жұмыс берушіні сотқа бердім", - дейді Бекайдар Ілиясов.  

Жапа шеккен азамат 10 миллион теңге өтемақы талап етіпті. Бірақ сот 500 мың төлеуге шешім шығарған. Бекайдар Ілиясовтың айтуынша, Еңбек кодексін бұзғаны үшін кәсіпорынға айыппұл салынбаған. Тіпті компания алты айдан кейін жабылып қалыпты. Бірақ еңбек инспекциясы кәсіпорын жұмысын тоқтатқаннан кейін де залалды өндіріп алуға болатындығын айтады.

"Жазатайым оқиға болған кезде жұмыс беруші бір тәулік ішінде еңбек инспекциясына хабарлауға міндетті. Ал егер кәсіпорын жабылған жағдайда ҚР Азаматтық кодексіне сүйеніп әрекет етуге болады. Ол бойынша жұмыс беруші кәсіпорын жәбірленушіге келтірілген залалды толық өтеуге тиіс. Ал егер шығынды төлеуге мүмкіндік болмаған жағдайда, мемлекет қаражаты есебінен жүргізілуі керек. Бұл заңда нақты көрсетілген", - дейді қалалық орта сапасын бақылау басқармасының бас маманы Абай Еркінов.  

Сарапшылар өндірістік жарақат алған қызметкерлерге мүмкіндігінше тезірек еңбек департаментінен көмек сұрауға кеңес береді. Бұл даулы жағдайларды шешумен және жұмысшылардың құқықтарын қорғаумен айналысатын басқарма. Ал егер азамат кәсіпорынға ресми түрде орналаспаған болса, жұмыс берушіні жауапкершілікке тарту қиын болады. Бірақ мұндай жағдайларда да сарапшылар сот арқылы әділеттікке қол жеткізуге болатынын айтады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина