"Один дома" актерлері қазір қайда жүр?

Жаңа жыл сайын бүкіл әлем міндетті түрде қайталап қарайтын бір фильм бар. 30 жыл бұрын шыққан "Один дома" фильмі бүгін де өзегін жоғалтқан жоқ. Фильм шырша немесе Аяз ата секілді Жаңа жылдың символына айналған. Massaget.kz тілшісі үйде жалғыз қалатын Кевин мен оның отбасын сомдаған актерлер 30 жылдан кейін қайда жүргенін баяндайды.

Фильм 1990 жылы жарық көрді. Бюджеті 18 миллион доллар болған фильм прокатта 476,7 миллион доллар табыс тапқан. "Один дома" ұзақ уақыт бойы ең табысты комедия болды.

Жаңажылдық комедияның сюжеті бойынша, Маккаллистер отбасы Рождествоны Парижде қарсы алу үшін Чикагодағы Питер мен Кейттің үйіне жиналады. Аға-әпкелерінен мазақ көретін 8 жастағы Кевин ақыры жазаланып, мансард қабатына қамалады. Бұған ашуланған Кевин отбасы жоғалып кетуін сұрайды, расымен ертеңгісін үйде жалғыз қалады. Себебі ертеңгісін отбасы ұшаққа асығып жүріп, оны ұмытып кетеді. Ал Кевиннің жалғыз өзі ұрылармен күресуіне тура келеді.

8 жастағы Кевиннің роліне кастингке жүзден аса бала келген. Оның ішінен Маколей Калкин іріктеп алынды. Ол кезде актер 9-да еді. Осы фильмнің арқасында Маколей "Алтын глобус" номинациясына ілігіп, "Жыл баласы" атанады. Одан бөлек, Маколейге фильмге түскені үшін 100 мың доллар берілді.

Маколей Калкин кейін "Один дома 2" фильмі үшін 4,5 миллион доллар, ал "Бай Ричи" фильмі үшін одан екі есе көп гонорар алды.

Жас актердің агенті өз әкесі болды, ол баласы үшін миллиондаған гонорар сұрап, ақыры бала Кевин фильмдерден шаршайды, ата-анасы ажырасып кетеді.

Кевин ұзақ уақыт кинодан үзіліс алады. 1994 жылдан кейін тоғыз жыл бойы фильмге түспеді. 2003 жылы фильмдерге түсе бастады, бірақ ешқайсы сәтті болмады. 

2004 жылы 24 жастағы Маколей есірткі сақтағаны үшін тұтқындалды. Содан бері үлкен экрандардан көрінбей кетті. Есірткі, депрессия, суицид әрекеті - Калкин жаңалықтарға осындай тақырыптармен ғана шықты.

17 жасында Маколей актриса Рэйчел Майнерге үйленді. Бірақ кейін ажырасып кетіп, 2002 жылдан бастап танымал актриса Мила Куниспен кездесті. Екеуі 8 жыл жүріп, ажырасты. 2017 жылы актриса Бренда Сонгпен танысып, бас қосты. Содан бері актер барлық жаман әдетінен бас тартты. Былтыр Маколей мен Бренда ұлды болды.

Калкин көп жыл бойы жарнамаларға, дыбыстауға, телевизиялық шоуларға қатысты. Былтыр "Америкалық қорқынышты оқиғалар" сериалының эпизодында ойнады. Ал қазір испаниялық "Байлар тұмауы" фильміне түсіп жатыр. Фильм 2023 жылы шығады. Қазір актер 42-де.

Кевиннің анасы Кейт Маккаллистер ролінде Кэтрин О'Хара ойнады. "Один дома" фильміне дейін ол он шақты жобаға қатысқан. Жалпы, актерлік карьерасын 1976 жылы бастапты. Мартин Скорсезе, Тим Бёртон және Майкл Николс секілді танымал режиссерлердің фильмдеріне түскен. 

Бірақ оны жұлдыз еткен - "Один дома". Бұл фильм шыққаннан кейін О'Хара әлемге танылды. Фильмдерге белсенді түскеннен бөлек, сценарист, режиссер және дыбыстау актрисасы болды.

2021 жылы О'Хара "Шиттс Крик" сериалындағы ролі үшін "Алтын глобус", "Эмми" және актерлер Гильдиясы жүлдесін алды. 

Таяуда ол танымал актер Генри Кавиллмен бірге "Аргайл" фильміне түсті, туынды алдағы уақытта жарыққа шықты. 

Кевиннің әкесі Питер Маккаллистер ролінде Джон Херд ойнады. Херд кинодағы дебютін 1970-жылдары бастаған. Сондықтан "Один дома" фильміне дейін біраз тәжірибе жинап алған. Херд көбіне сериалдарға түсті, оның ішінде "Сопрано кланы", "Қылмыс орны: Майами", "Қашу" секілді атақты жобалар бар. 

Жалпы алғанда Джон Херд 180 рольде ойнаған. Соңғы фильміне 2017 жылы түсті. 

Актер 2017 жылы шілдеде Калифорниядағы қонақүйде өлі табылды. Сол жақта арқасына ота жасатқаннан кейін емделіп жатқан. Актердің жүрегі тоқтап қалған.

Ұры Гарри Лаймды фильмде Джо Пеши сомдады. Пеши "Один дома" картинасына Голливуд жұлдызы ретінде қатысты. "Бешеный бык", "Однажды в Америке" фильмдеріне түскен, ал "Славные парни" картинасындағы ролі үшін "Оскар" алған.

Бірақ оған 8 жастағы баладан таяқ жеген ұрының ролі халық махаббатын сыйлады. 

"Один дома" фильмінен кейін Джо Пеши Мартин Скорсеземен қайта жұмыс істеп, криминалдарға түсе бастады. 

90-жылдардың соңында ол актерлік карьерасында үзіліс алып, музыкамен айналысты. "Винсент Ла Гуардиа Гамбини саған ғана ән айтады" атты әзіл аралас джаз-альбом шығарды.

79 жастағы актердің соңғы фильмі "Ирландец" болды. Бұл картина 2019 жылы шыққан.

Гарридің серіктесі, ұры Марвин Мерчантстің ролінде Дэниел Стерн ойнады. Стерн бұл фильмге дейін де комедиялық рольдерімен танылған. Кинодан бөлек, Бродвейдегі театр қойылымдарында ойнады.

Дэниел Стерннің дыбыстау, сценарий жазу және режиссурада да тәжірибесі бар. Ол "Чудесные годы" және "Манхэттен" сериалдарының бірнеше бөлімін, "Настоящие дикари" мини-сериалын, бейсбол туралы "Новичок года" комедиясын түсірді.

Стерннің актер ретіндегі кейінгі жұмыстары "Выскочка" және "Ради всего человечества" сериалдары болды. Бірақ бұл жобалар оған 90-жылдардағыдай табыс әкелмеді. Қазір актер - 65-те.

Кевиннің ағасы, оны үнемі келеке етіп жүретін Баззды Девин Рэтрей сомдады. 45 жастағы актер әлі де фильмдерге түсіп жүр. Бірақ басты рольдерде емес.

1995-2005 жылдар арасында танымал "Закон и порядок" сериалына түсті. "Побочный эффект", "Призрачный патруль" және "Зачинщики" секілді танымал фильмдердің эпизодында ойнады.

Ал биыл Девин Рэтрей түскен "Кими" фильмі жарыққа шықты. Одан бөлек, актер "Агент картер", "Жизнь матрешки", "Гаваий 5.0" сериалдарының эпизодтарына түсті.

Кевиннің бөлесі Фуллердің ролінде Маколей Калкиннің туған інісі Киран ойнады. Ағасымен салыстырғанда Киран Калкин актерлік жолдан кетпеді. Бірақ коммерциялық жобаларға қарағанда авторлық фильмдерге түскенді жақсы көреді. 

Дегенмен "Скотт Пилигрим против всех", "Фарго", "Правила виноделов" секілді табысты фильмдерге де түсті. 

2018 жылдан бері НВО телеарнасындағы "Наследники" сериалына түседі. Сондағы ролі үшін бір рет "Эмми", үш рет "Алтын глобус" жүлдесіне үміткер болған.

Ал Марли қарияны фильмде Робертс Блоссом сомдады. Фильмге түскенде ол 66 жаста еді. Карьерасын 1955 жылы бастаған. Сондықтан "Один дома" түсіріліміне киноиндустрия ардагері ретінде келді. 

Жаңажылдық фильмнен кейін ол тағы 10 шақты жобаға қатысты. Ең табыстысы "Быстрый и мёртвый" вестерні болды. 

1999 жылы ол актерлік карьерасын аяқтап, поэзияға бет бұрғанын хабарлаған. Ал 2011 жылы 87 жасында инсульттен қайтыс болды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!