Павлодар тұрғыны бұрынғы сүйіктісінің ата-анасын өлтіргені үшін сотталды

Павлодар тұрғыны бұрынғы сүйіктісінің ата-анасын өлтіргені үшін сотталды

Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы сүйіктісінің ата-анасын пышақтап өлтірген 22 жастағы жігітке қатысты үкім шықты. Күдікті екі адамды өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айта кетейік, 3 шілдеде сағат 02.10-да Мир көшесіндегі жеке үйдің ауласынан 46 жастағы әйел мен 48 жастағы ер адамның денесі табылды. Марқұмның бөлмеге тығылған кәмелетке толмаған баласы аман қалған. Күдікті ретінде 22 жастағы ауыл тұрғыны ұсталған.

Марқұмдардың 16 жастағы қызы Алинаның айтуынша, ата-анасын 3 шілдеге қараған түні жеті айға жуық кездескен бұрынғы жігіті өлтірген.

Сүйіктісі бетін қайтарғаннен кейін 22 жастағы жігіт қыздың анасы мен өгей әкесін пышақтаған. Бойжеткен сол түні Павлодардағы туыстарының үйінде қонғандықтан тірі қалған.

"Кісі өлтіруге ата-анасының қызын П.-мен кездестірмей қойғаны  себеп болған. Қылмыс жасағаннан кейін П. кінәсін мойындап, полицияға өзі барған", - деді соттың баспасөз қызметі.

Сот талқылауында прокурор айыпталушыны 17 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Зардап шеккен тарап максималды мерзім беруді талап етті.

Сотта қылмыс ерекше ауыр санатқа жатқызылып, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатыны атап өтілді. Сотталушының кінәсі куәгерлермен, өзімен, сараптама қорытындысымен расталды.

"Сот сотталушыны ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танып, 18 жылға бас бостандығынан айырды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қатаң режимдегі мекемесінде өтейді", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, сотталушы жәбірленушілерге жеті миллион теңге моральдық шығын өндіруге міндеттелді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Г. Досымшалова