Абай облысындағы мекемелерде мемсатып алуда заттарды қолдан қымбаттату дерегі анықталған

Антикоррупция қызметі Абай облысында "Бірыңғай сатып алу терезесі" бойынша мемлекеттік сатып алуда заттарды қолдан қымбаттату дерегі анықталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кейінгі үш айда өңірде 453 миллион теңгеге сатып алу құнын қолдан қымбаттату деректері анықталған.

"Қыркүйектің соңында "Теплокоммунэнерго" МКК ысырмалардың біреуін 1 200 000 теңгеге сатып алмақ болған. Сатып алу жоспарына сәйкес, жалпы сомасы 161 миллион теңгеге 130 ысырма сатып алуы қажет болған. Ал ысырманың нарықтағы құны - 845 мың теңге", - деді ведомство өкілдері. 

Бұл іске Антикор араласқаннан кейін сатып алу жоспарына өзгерістер енгізілген. Осылайша, МКК бюджет бойынша 51 миллион теңге үнемдеген. Алайда бұл жалғыз жайт емес екен. Мысалы, өзге де мемлекеттік мекемелер бағаны негізсіз көтеріп, қолдан қымбаттатқан. 

"Шүлбі гидроэлектрстанциясында сатып алу жоспарында "КТС бойынша декларация жасау және бюджетке салықтар мен төлемдерді есептеудің дұрыстығын тексеру" деген қызмет болған. Бұл қызметке 1 700 000 теңге жұмсалады деп жоспарланған. Алайда ЖШС-да осы қызметпен айналысуы қажет болған штаттық қызметкер бар", - деді өңірдегі Антикоррупция қызметінің өкілдері. 

Одан бөлек, сатып алу міндетті емес тауарлар да алынған. Мұндай дерек "Балалар мен жастардың шығармашылық сарайы" КМҚК-де тіркелген. Бұл мекемеде 320 мың теңгеге кофемашина сатып алынған. 

Сонымен қатар, Абай облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде облыс аудандарының бірінде сатып алынатын автомобильдердің құнын арттыру дерегі анықталды.

"2020 жылдың қыркүйегінде Аягөз ауданының әкімдігі 27 қызметтік көлікті 216 миллион теңгеге сатып алмақ болған. Алайда бір автокөліктің құнына 1,5 миллион теңгеден қосылып отырған", - деді ведомство өкілдері. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!