5 миллион гектар: мемлекетке жерді қайтарғандардың ішінде танымал шенеуніктер бар ма?

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мемлекетке қайтарылған 5 миллион гектар жер туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айта кетейік, 26 қазанда 5 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылған болатын. 

"Біз биыл 5,2 миллион гектар жерді қайтардық. Өздеріңізге белгілі, бұған қатысты аздаған дау болды. Әр гектар бойынша қарастыруға дайынбыз. Негізінен, бұл жерлер тиісті түрде тиімді пайдаланылмаған ірі учаскелер есебінен құрылды. Біз бұл учаскелерді мемлекет резервіне қайтардық", - дейді Қарашөкеев Мәжіліс кулуарында. 

Журналистер жерлерді кім қайтарғанын фамилия бойынша атауды сұрады. Сонымен қатар, журналистер министрден тізімде танымал олигархтар мен  әкімдердің бар-жоғын сұрады. 

"Фамилия бойынша бәрін атай алмаймын. Бірақ ірі жерлер қайтарылған. Министр ретінде тапсырманың орындалуын қадағалаймын. Нақты тізімді білу үшін сұрау хат жазыңыздар. Тізімде 8-10 мыңға жуық адам бар. Оның бәрін атап отырамын ба? Интерактивтік картаның ішінде сол мәліметтің бәрі болады. Ірі жерлер қайтарылған. Әрине, ол жергілікті қарапайым қазақстандықтардың меншігінде болмаған. Үлкен кәсіпкерлердің меншігінде болған шығар, лауазымды қызметте жүрген адамдар да болған шығар", - дейді министр. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!