"Бұған дейін адам ұрлаған". Шымкентте бопсалаумен айналысқан тұрғын ұсталды

Шымкентте бопсалаумен айналысқан қаруланған ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Басылым мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына қала аумағында бопсалаумен айналысатын қарулы күдікті бар екені туралы жедел ақпарат келіп түсті. Полицейлер бұл дерек бойынша күдіктіге қатысты жеке мәліметтерді жинақтап, іздестіру жұмыстарына кірісті.

Оның бұған дейін Қылмыстық кодекстің 125-бабы (Адам ұрлау), 126-бабы (Бас бостандығынан заңсыз айыру), 293-бабы (Бұзақылық), 389-бабы (Өзінше билік ету) бойынша сотты болғаны анықталды.

Нәтижесінде Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері арнайы "Қару" операциясын өткізіп, күдіктіні уақытша тұрғылықты мекенжайында қолға түсірді. Ер адамнан Макаров тапаншасы, 3 оқ және жиналмалы пышақ тәркіленді.

Бұл дерек Әл-Фараби АПБ-да ҚР ҚК-нің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша тіркелді. Соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктінің атыс қаруын қолдану арқылы басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі. Бұлтартпау шарасы тағайындалды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!