Атырауда 3 миллиардқа салынып жатқан құрылыс сүрілетін болды

Атырауда 3 миллиардқа салынып жатқан құрылыс сүрілетін болды
Фото: atpress.kz

Атырауда 2011 жылдан бері құрылысы аяқталмай тұрған концерт залы сүріледі. Оның орнында шығармашылық орталық болады. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Atpress.kz сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауға барған кезінде дарынды жастарға арналған мәдени-шығармашылық орталық салып, оған қазақ музыка өнерінің алыбы Құрманғазының есімін беруді тапсырған еді.

"Концерт залы толығымен сүріледі, орнына жаңа шығармашылық орталық салынады. Қазір құрылысшылар мен салаға жауаптылар тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін БАҚ-та ашық таныстырылым өтеді", - деп уәде берді облыс әкімінің орынбасары.

Еске салайық, концерт залының іргетасы 2011 жылы, Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің кезінде қаланған. Оның құрылысына бюджеттен 3 миллиард теңге бөлінді. Жұмыс тәулік бойы, белгіленген мерзімнен екі есе бұрын жүргізілді. Алайда 2012 жылы "Снабоилстрой" ЖШС иесіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, құрылыс тоқтатылды. 2014 жылы облыстық мәслихат құрылысты жалғастыру тиімсіз деген шешім қабылдады.

Құрылысы аяқталмаған концерт залы тозған күйде: терезелері сынған, металл құрылымдарын тот басқан. 2022 жылдың қарашасында әкімдік концерт залын қалпына келтіруге және аяқтауға 5 миллиард теңге жұмсауға тура келетінін хабарлады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина