Ұлытауда жаназа кезінде газ баллоны жарылып, 20 адам зардап шекті

Ұлытау облысында жекеменшік үйдегі жаназа кезінде газ баллоны жарылып, 20 адам зардап шекті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға Жаңаарқа ауылында болған. Көпшілік үй иесін жерлеу рәсіміне дайындалып жатқанда жеке моншада газ баллоны жарылып, жалын шыққан, бірақ өрт тез сөндірілген.

Өрт кезінде 100 шаршы метр шатыр опырылып түскен. Алдын ала болжам бойынша, газ баллоны суықтан әкелініп, пештің жанына қойылғандықтан жарылған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлік тексерістен кейін зардап шеккен 20 адамның 19-ы үйлеріне жіберілгенін мәлімдеді. Барлығының жағдайы жақсы. Ауруханада бір зардап шегуші ғана қалған, науқасты емдеу үшін Қарағандыға жіберу жоспарланып отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!