ЭКО-мен ұрықтандыруға шариғат рұқсат ете ме? Блогер имам жауап берді

ЭКО-мен ұрықтандыруға шариғат рұқсат ете ме? Блогер имам жауап берді
Фото: Видеодан алынған кадр

Танымал имам, дінтанушы, теолог Нұрлан қажы Асанов жасанды жолмен ұрықтандыруға шариғат рұқсат ете ме деген сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол Ләйлә Сұлтанқызының подкасында айтты.

"Қазақ халқында үрім-бұтақты болашақ деп айтады. Алла Тағала адам өз қалауымен табиғи жолмен көтеріп, көбеюіне үкім қойған. Сол жолда Құдай өзі нығмет-рақым береді. Біріншісі - уақыт, екіншісі - денсаулық. Алдымен, кеселмен қасық қаны қалғанша күресіп көру керек. Мұның бәрі шариғаттың өлшеп берген заңдылық аясында болу керек. Жастар денсаулыққа селқос қарайды. Жас кездегі денсаулық пен есейгендегі денсаулықты салыстыруға келмейді. Ал Алла тағала перзент бермесе, дәрігерге жүгіну керек. Егер ол да көмектеспесе, екеуінің келісімімен, сенімді дәрігермен қолдан ұрықтандыруға болады. Бұл тәжірибе мұсылман елдерінде бар", - дейді ол. 

Имам қазақ жастарының қазіргі мәселесін айтты.

"Бізде елдің ішінде "кейін мен өзім үшін туып аламын" деген сөз бар. Иә, оған рұқсат беретін ата-ана да бар. Оған рұқсат беруінің тәрбиелік мағынасы да бар ғой. Бұл жерде "күйеуге шық" демейді, "біреудің басын айналдырып ал", "біреуге тиіп ал" дейді. Үйден сондай тәрбиемен шыққан қыз сол мәселені ортаға қояды. Онысы орындалмағаннан кейін түптің-түбінде дәрігерге барып, қолдан ұрықтандыру арқылы өзі үшін босанып алады", - деді Нұрлан қажы.

Ләйлә Сұлтанқызы бала көтере алмайтын қыздардың мұңын айтып жеткізді. Ал имам балалы болудың басқа нұсқалары да бар екенін алға тартты.

"Енді, Алла тағала мүмкіншілік берді ғой. Мүмкін, табиғи жолмен көтеретін шығар. Бала көтере алмаса, оны асырап алу бар. Алла берген нығмет өте көп. Бұл жердегі ең үлкен нәрсе - иман, Құдайдан қорқу мәселесі келеді. Өйткені Алланың иман мәселесіне селқос қараған кезде, "неге Құдай бермегенді өзім ала алмаймын?" деген нәрсе алға шығады. "Мен өзім де істей аламын" деген нәрсеге өтіп кетсе, бұл діннен шығуға дейін алып барады. "Мен бермегенді тартып алам" деген түсінік болмауы керек. Біз үшін, мұсылман үшін ең жоғарғы қағида - бұл Алладан қорқудан туған неке болып есептеледі", - дейді ол.

Ләйлә Сұлтанқызы имамнан "шариғат бойынша суррогатқа діннің көзқарасы қандай" деген сұрақ қойды.

"Суррогатқа рұқсаты бар. Бірақ оған да біздің нәпсіміз қабылдамайтын нәрсе бар. Яғни суррогатқа келген әйел оның заңды некесінде болса, жарайды. Біздің қазақтағы бірнеше әйел алып, балаларын бір-бірімен ауыстыра берген ғой. Тура сол сияқты бәйбіше бала көтере алмайтын жағдай болса, екінші некелеп, екінші некедегі әйелдің құрсағын бала көтеру үшін пайдаланып, бір жанұя болып тұрса болады. Бұл жерде үштік мәселесі шығады. Мұның өзі - таласты мәселе. Өйткені "тек қана бала көтеру үшін пайдаланып кете ме?" деген ой пайда болады", - деді Нұрлан қажы Асанов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек