Өскеменде өртенген үйден 4 адам құтқарылды

Өскемен қаласында отқа оранған үйден 4 адам құтқарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, 25 желтоқсанда Өскемендегі Назарбаев көшесіндегі жеке тұрғын үйде өрт шыққан.

"Оқиға орнына өртсөндірушілер шұғыл келіп жетті. Көк түтін тұмшалаған үйдің ішіне кіріп барлау жасаған құтқарушылар екі адамды тауып, сыртқа алып шықты. Олар үйде әлі екі адам барын жеткізген. Осылайша, барлығы 4 адам құтқарылды, атап айтқанда 1987 жылғы әйел және 1974, 1982 және 1988 жылғы үш ер адам", - делінген хабарламада.

Дәрігерлер зардап шеккендерді тексерген, бірақ олар ауруханаға жатудан бас тартқан. Көп ұзамай жалпы ауданы 90 шаршы метрді құраған тілсіз жау толықтай ауыздықталды.

Өрттің шығу себебі - отты абайсыз пайдаланудан болуы мүмкін. Қызыл жалынмен күреске жеке құрамнан 19 адам мен 5 техника жұмылдырылған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!