Петропавлда зейнеткер ұлының орнына немерелеріне алимент төлеуге міндеттелді

Петропавлда зейнеткер ұлының орнына немерелеріне алимент төлеуге міндеттелді
Фото: Тұрар Қазанғапов

Петропавлда сот зейнеткерді алимент төлемейтін ұлының орнына зейнетақысынан немерелеріне алимент төлеуге міндеттеді. Бұл туралы облыстық прокуратура баспасөз қызметі өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алтын Орда" порталына сілтеме жасап.

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, 2021 жылғы 1 маусымдағы сот қаулысымен Қ.Т.Е. пайдасына Қ.А.Х-дан кәмелетке толмаған балалар үшін ай сайынғы жалақының және (немесе) өзге де кірістің 1/3 бөлігі мөлшерінде алимент өндірілді. Алайда борышкер өз міндеттемелерін орындамаған, нәтижесінде 3,7 миллион ​​теңге қарыз жиналған.

"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 152-бабына сәйкес, өздерінің еңбекке жарамды ата-аналарынан, бірге туған кәмелетке толған еңбекке жарамды ағалары мен апаларынан күтіп-бағу қаражатын алуға мүмкіндік болмаған жағдайда, кәмелетке толмаған көмекке мұқтаж немерелер алимент төлеуге қажет қаражаты бар әжесі мен атасынан сот тәртібімен алимент алуға құқығы бар", - деп түсіндірді прокуратура өкілдері.

Балалардың анасы борышкердің әкесінен (атасынан) немерелерін асырауға арналған алимент төлемдерін өндіру туралы арызбен сотқа жүгінген. Петропавл №2 соты бұл өтінішті қанағаттандырды.

"Атасының зейнетақысынан ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш (30 630 теңге) көлемінде алимент өндіріледі", - деді облыстық прокуратураның баспасөз қызметі өкілдері.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек