Жеңілдетілген автонесие: жаңа мерзімі аталды

Жеңілдетілген автонесие: жаңа мерзімі аталды
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Жеңілдетілген автонесиенің револьверлік тетігі 2023 жылдың қаңтарында іске қосылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қазақстан Даму банкінің (ҚДБ) баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін жеңілдетілген автонесие биыл қарашада қайта басталады деп жоспарланған болатын.

Кеше 2023 жылдан бастап барлық қолданыстағы бағдарлама шарттары біркелкі болатыны белгілі болды. Бұл туралы ҚДБ және жеңілдетілген автонесие бағдарламаларының операторы саналатын Кәсіпкерлікті дамыту қоры (КДҚ) хабарлады.

Сондай-ақ, орталықтандырылған бақылауды қамтамасыз ету мақсатында алдағы уақытта Қазақстанның Даму банкі ұсынған бағдарлама бойынша бір ғана қаражат операторын қалдыру жоспарланған.

"Қазіргі уақытта бағдарламаларға қатысушы екінші деңгейлі банктер қолданыстағы несиелерді өтеу есебінен төлемдерді жинақтайды. Револьверлік механизм негізінде жеңілдетілген несие беру 2023 жылғы қаңтардың екінші жартысында басталады деп күтіледі", - делінген хабарламада.

ҚДБ мәліметінше, іске қосу күніне екі бағдарлама бойынша жинақталған қаражат көлемі шамамен 13 миллиард теңге болады, бұл кемінде 1300 жаңа автонесие беруге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта револьверлік әдіспен жинақталған қаражатты бөлуді ай сайын жүргізу жоспарланған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан