"Сен туралы". Ләйлә Сұлтанқызы күйеуіне естелік видео арнады

Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы күйеуі Қайрат Беркімбаевқа арнап естелік видео жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл видео тележүргізушінің YouTube-арнасында пайда болды. 

"16 желтоқсан - Ләйлә Сұлтанқызының жолдасы Қайрат Беркімбаевтың дүниеден озғанына 40 күн. Бұл видео Сұлтанқызының әріптестерінің өтінішімен жазылды. 

"Қуанышты бөліссең көбейеді, қайғыны бөліссең азаяды" дейді. Сұхбатта айтылған дүниелер бәріне болмаса да, арқа сүйер азаматынан айырылған, өмірге деген құлшынысы бәсеңдеп жүрген нәзік жандыларға өмірлік мотивация болып, жаңа дем сыйлап, күш береді деп сенеміз", - делінген видеода. 

Тележүргізуші қайғылы хабарды естігенде қандай сезімде болғанын айтты. 

"40 күн ішінде өмірімді "дейін және кейін" деп бөлемін. Себебі өмірге деген көзқарас, мақсат барлығы 100 пайыз өзгерді. Қанша жыл бір адаммен бір шаңырақ астында тұрып, бір нанды бөліп жеп, өмірдің ыстығы мен суығын бірге көргеннен кейін адамда қимастық, сағыныш сезімі болады. Бұл сезім қырық күннен кейін өшеді немесе өзгереді деп айта алмаймын. Бұл сенің жадыңда жылдар бойы сақталады. Адам өзіне "Неге? Неліктен?" деген сұрақты көп қояды екен. Барлығы "Қабылда", "Қабылдасаң жеңіл болады", "Ол ешқашан қайтып келмейді", "Тас түскен жеріне ауыр", "Артында бар оңалар" деп жатады. Бәрін түсінемін, бірақ қабылдаудың өзіне уақыт керек. Уақытпен бірге сабыр, төзім керек. Біз өлімге, өлуге дайын емеспіз. Дайын болмаймыз да. Адам болғаннан кейін пендешілікпен қателік те жасаймыз. Жақсылық та, жамандық та, біліп-білмей жасаймыз", - дейді Ләйлә Сұлтанқызы видеода.

Еске салайық, Қайрат Беркінбаев биыл қарашада дүниеден өткен еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!