"Ханзада Жумонг" актерлері қазір қайда жүр?

"Ханзада Жумонг" актерлері қазір қайда жүр?
Фото: "Астана" телеарнасы

Бір кездері корейдің тарихи драмалары қазақстандық телеарналардан көптеп көрсетіліп, халық арасында кеңінен танылған. Солардың бірі - "Ханзада Жумонг". Бұл телехикаяның шыққанына 16 жыл болды. Massaget.kz тілшісі "Ханзада Жумонг" сериалының актерлерінің қазіргі өмірін баяндайды.

"Ханзада Жумонг" 2006-2007 жылы MBC телеарнасында көрсетілді. Онда Когуре мемлекетінің негізін қалаушы Жумонгтың өмірі баяндалады.

Басында 60 бөлімі болады деп жоспарланған, кейін драма көрермен көңілінен шыққан соң тағы 21 бөлім қосылды. "Жумонг" "корей толқынының" (корея мәдениетінің бүкіл әлемге танылуы) бір бөлігіне айналды.

Телесериал сюжеті бойынша, б.д.д 108 жылы солтүстік Корея мен Манчжурияны басқарып тұрған ежелгі Чосон мемлекеті Қытайдың Хан патшалығымен бір жыл бойы соғысып, жеңіліске ұшырады. Хан патшалығы ежелгі Чосон жерін 4 әкімшілік бөлікке бөліп тастады. Басқыншылардың зұлымдығы шарықтау шегіне жетті. Cодан ежелгі Чосон халқы қолына қару алып, елдің азаттығы үшін соғысқа шықты. Азаттық жолындағы соғыстың қолбасшысы Хемосу деген батыр еді. Чосон халқынан құралған Пуё мемлекеті бар болатын. Алайда Пуё елі ішінара Хан империясына бағынышты болды. Пуёнің Хан империясын талқандап, қоластындағы қандастарын құтқаратын күші болмады.

Тек халық арасынан шыққан Хемосу қолбасшы Дамуль әскерін құрып қытайлықтарға қарсы күресте біраз нәтижеге жетті. Алайда ол Хан империясының қолшоқпарына айналған Пуё елінің құрған тұзағына түсіп қалады. Ол қос жанарынан айырылып, абақтыға қамалады. Десе де оның арманын ұлы Жумонг жүзеге асырды. Ол Когуре атты мемлекеттің негізін қалайды.

Тарихи драмада Жумонгты актер Соң Иль Гук сомдады. Актер 2008 жылы Пусан судьясы Чоң Сың Ёнмен отау құрды. 2012 жылы отбасыда үшем дүниеге келеді. Балалардың есімдері де, өздері де ерекше. Тэ Хан, Мин Гук, Ман Сэ есімдері "Корея Республикасы жасасын!" деген мағына береді.

2010 жылғы сәуірде "Ханзада Жумонг" сериалы Қазақстанда танымал бола бастағанда, Соң Иль Гук мемлекет басшыларымен, соның ішінде Қазақстан Президентімен бірге Ақ үйге қонаққа шақырылған. Ал 2009 жылы Гавайи 21 наурызды Соң Иль Гук күні деп жариялады.

2014 жылы актер балаларымен The return of Superman жобасына түсті. Ал биыл үшемі 3-сыныпқа аяқ басты. Актер биыл 51 жасқа келді.

Жумонгтың жары, Когурё патшайымы Со Со Ноның ролінде Хан Хие Жин ойнады. Ол "Ханзада Жумонгқа" дейін 10-нан аса жобаға түскен. Оны танымал еткен жоба 2005 жылғы "Мықты бол, Гем Сун" драмасы саналады. 

"Жумонгтан" кейін оның танымалдығын "Цецзювон" сериалы мен "26 жыл" манхвасының желісімен түсірілген фильм арттыра түсті. Сонымен қатар, ол 2011-2013 жылдар арасында танымал "Сауықтыру лагері" ток-шоуын жүргізді.

2013 жылы ол футболшы Ки Сон Ёнға тұрмысқа шықты. 2015 жылы отбасы қызды болды.

Пуё патшасы, Жумонгтың қайынатасы Гымуаны сериалда Чон Куаң Нел сомдады. Ол актер ретінде еңбек жолын 1980 жылы бастаған. Қазір 61 жасқа келген Чон Куаң Нел актерлік саладан кетпеді. 

2020 жылы "Жел, бұлт және жаңбыр" сериалына түсті. Ал биыл Чон Куаң Нел ойнаған "Джинкс көңілдесі" драмасы көрерменге жол тартты.

Чон Куаң Нел үйленген, бір ұлы бар.

Гымуа патшаның тұңғышы Тесо ханзаданың ролінде Ким Сың Су ойнады. Актер еңбек жолын 1998 жылы бастаған. Бір жылдан соң корей халқына танымал болды - "Тек сен" дорамасы оны жұлдызға айналдырды.

Ким Сың Су дорамаларға өте белсенді түседі. 24 жылдың ішінде 50-ден аса дорамада ойнаған. Биыл актер түскен екі сериал көрерменге жол тартты. "Үш батыл бауыр мен қарындас" және "Шюруб" сериалдарына түсті.

51 жастағы актер үйленбеген.

Жумонгтың анасы Юхуа ханымды О Ён Су сомдады. 51 жастағы актриса карьерасын 1997 жылы "Кек" дорамасымен бастаған. "Жумонгтан" кейін де О Ён Су түрлі фильм мен дорамада ойнады. 

2017 жылы америкалық танымал "Қылмыскер секілді ойлау" сериалының кореялық нұсқасына түсті. Ал биыл актриса түскен "Әскери прокурор Доберман" сериалы жарыққа шықты.

Актриса 1998 жылы актер Сон Цзичанмен отау құрды. Жұптың екі баласы бар. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш