Шымкентте мүгедек балаларға жәрдемақысының жартысы төленбей отыр

Шымкентте мүгедек балаларға жәрдемақысының жартысы төленбей отыр
Фото: Видеодан алынған кадр

Шымкентте мүгедек балалардың ата-аналары халықты әлеуметтік қорғау департаментіне барып, наразылық білдірді. Олар жеткіншектерге төленетін жәрдемақының жартысын алмаған, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы. 

Ата-аналардың айтуынша, мемлекеттен берілетін ақша балалардың арнайы мектепке барғаны үшін ұсталады.

Олар мұндай тәжірибе тек Шымкент пен Түркістан облысында ғана барын айтты. Сондықтан мол қаржының қайда кетіп жатқанын түсіндіруді талап етіп жатыр. Ал осы өңірдегі әлеуметтік салаға жауаптылар мәселені заң шығарушы органға сілтей салды. 

Ұл-қызы зағип, есту қабілеті нашар және психоневрологиялық ауытқуы бар жеткіншектердің ата-аналары халықты әлеуметтік қорғау департаментіне барды. Наразы топтың айтуынша, мүгедектердің қамқоршысына төленетін жәрдемақы толық түспейді. Яғни ерекше күтімдегі балалары арнайы мектепте білім алады деген желеумен жарты ақша ұсталады.

"Айына түскен 52 мыңды киім алады деп ойлайсыз ба? Көлік алады деп ойлайсыз ба? Әрине, біз оны еміне жұмсаймыз. Баламның емі жоқ, дегенмен Санкт-Петербургте Скрип Петрович маған үміт беріп отыр. Оған бір барып келгеніме мың евро кетеді. Теңгемен біраз ақша болады ғой. Онсыз да қаржы жинап, бүкіл мүлігімді сатып барып келіп жатырмыз. Білмеймін, енді сататын нәрсе қалмады", - дейді мүгедек оқушының анасы Айсұлу Байғараева.

Арнайы мектепке таңертең барып, түстен кейін қайтатын мүгедек баланы "аптасына жеті күн мемлекет қарауында" деуі ата-аналардың шымбайына батқан. Сондықтан олар қомақты қаржының қайда кетіп жатқанын білгісі келеді. Әйтпесе, бала саны аз емес. Мәселен, Шымкенттегі арнайы бес мектепте мүгедек 635 бала оқиды.

"Сонда неліктен Қазақстандағы басқа мектептерде ұсталмайды, біздің, тек Шымкентте ақша ұсталады дегеннен кейін, бәріміз періште емеспіз ғой, бәріміз пендеміз, күдігіміз болды. Біреудің қалтасына кетіп жатқан шығар? Кімнің қалтасына, не үшін кетіп жатқанын білгіміз келеді", - дейді мүгедек оқушының анасы Әйгерім Имашева.

Наразы топ Шымкенттегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің басшысының кабинетіне кірді. Басшы басқа аймақтардағы интернат жәрдемақыны ұстап жатқанына көз жеткізу үшін өзге өңірлердегі әріптестеріне хабарласқанмен, олар ештеңе айтпады. Сондықтан департамент жетекшісі мәселе заңның шала болуынан деп құтылды.

"Депуттарға шығайық. Мынау бұйрыққа болсын, өзгеріс енгізейік. Болмаса, 63-заңға өзгеріс енгізейік. Сіздердің жағдайларыңызды кіргізейік. Сіздердің балаларыңыз 24 сағат емес қой, интернатта жатқан, 5-6 сағат болсын. Қалған сағатта сіздердің қолдарыңызда болып тұр ғой", - дейді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласындағы департамент басшысы Бахтияр Өнербаев.

"Бүгіннен бастап мәселені жоғары жаққа жеткіземін" деген басшы ата-аналардың көзінше, тіпті Мәжіліс депутаттарына қоңырау шалды. Заңға шұғыл өзгерістер мен толықтырулар енгізуге ұсыныс жасады. Бірақ мұны спектакльге балаған ата-аналар прокурорлар тексеріп, халықты әлеуметтік қорғау министрі мәселеге араласса деп отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек