Ақтөбе облысындағы алтын өндіретін шахтада жұмысшы қаза тапты

Ақтөбе облысындағы алтын өндіретін шахтада жұмысшы қаза тапты. 48 жастағы азаматты жүк таситын техника басып кеткен, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.

Қайғылы оқиға болған шахта АltynEx Company кәсіпорнына қарайды. Қазір Мұғалжар ауданындағы кен орнында тексеру жүріп жатыр. Еңбек инспекторларының айтуынша, электр маманы шахтадағы желдеткіш жанында кабель жөндеп жатқан. Жүк көлігінің келіп қалғанын аңғармаған. Ал ауыр техника тізгініндегі жүргізуші де жолындағы адамды байқамаған.

Бұл оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылды. Жыл басынан бері Ақтөбе облысындағы өндіріс орындарында 68 оқыс оқиға болып, 13 жұмысшы қаза тапқан.

"48 жастағы электрик инженер болып істейді екен. Жөндеу жүргізіп жатқанда осындай жағдай болып отыр. Жүк көлігі басып кеткен. Тергеп-тексеру жан-жақты жүріп жатыр", - дейді Ақтөбе облысы еңбек инспекциясы басшысының орынбасары Талғат Есқарин.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!