"Көше сатылып кетті". Алматы облысының тұрғындары әкімнен мәселені шешуді талап етті

"Көше сатылып кетті". Алматы облысының тұрғындары әкімнен мәселені шешуді талап етті
Фото: Видеодан алынған кадр

Алматы облысы Абай ауылының 20-ға жуық отбасы бір көшенің сатылып кеткеніне шағымданып, мәселенің шешілуін сұрайды, - деп хабарлайды Almaty.tv.

12 жыл бойы осы жолмен жүріп келдік деген жұрт "бір жарым жыл бұрын жер иесі табылып, аумақты қоршап алды" деп ашулы.

Қарасай ауданына қарасты Абай ауылының тұрғындары көшесіз қалды. Үйіне өзен айналып кіріп, көлігін көше жиегіне тастап жүргелі жылдан асыпты. Қоршау артында қалған кей заттарын кранмен тасып, қазір басқа үйдің ауласы арқылы өтіп жүр екен.

"Екі мүгедек немерем бар, біреуі алты жаста, екіншісі тоғыз жаста. Осы қиыншылықты бір жарым жылдан бері көріп жатырмыз. Жедел жәрдем, басқа қызмет түрін шақыра алмаймыз, келе алмайды", - деді Абай ауылының тұрғыны Райхан Буранова.

Ал шамамен жарты жыл бұрын "көше тұрғындарға қайтарылсын" деген сот шешімі шығыпты. Тұрғындардың айтуынша, жер иесінен хабар жоқ.

"Бұл жерді ашу керек, Бәрімізде құжат бар, норматив орындалған. Әкім жұмыс істемейді. Барамыз әкімге, үнемі ауырып қалады. Міне, соттың шешімі шыққанына қанша уақыт болды", - деді Абай ауылының тұрғыны Берікжан Құлшанов.

Жолсыз қалған абайлықтар бүгін аудан орталығына барып, облыс әкіміне де дәл осы көше мәселесін шешіп беруін сұрады. Қарасай ауданы халқымен кездесуге келген Марат Сұлтанғазиев жағдайды бақылауға алатынын айтты.

"Мынау құқық қорғау органдары, прокуратура, сот орындаушылары аудан әкімімен бірге жұмысты аяқтасын. Жақын арада соттың шешімін орындауға жұмыс істейміз", - деді Алматы блысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Бұл туралы заңгер де пікір білдірді.

"Соттың шешімі орындамағаны үшін Райымбек ауылының әкіміне сот арқылы 50 АЕК айыппұл салдық. Егер қазір газ құбырынан 1 миллиметр тесік шықса, бір қызмет кіріп оны жөндей алмайды. Бір көшенің тұрғындарынан айырыламыз", - деді заңгер Мадияр Аймырзаұлы.

Жауаптылар облыс әкіміне мәселені шешетінін жеткізді.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек