Алматы облысында жүк көлігі тұрғын үйге соғылды

 Алматы облысында жүк көлігі тұрғын үйге соғылды

Алматы облысында мас жүргізуші жүк көлігімен тұрғын үйге соғылып, бір отбасы баспанасыз қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, тұрғын үйді талқандаған жүк көлігі азық-түлік тасымалдайтын компанияға тиесілі. Ал компания басшылығы шығынды өтемейтінін айтқан.

Өйткені жүргізуші мас болағынымен қоса, көлікті жұмыс уақытынан тыс кезде тізгіндепті. 46 жастағы ер адам қазір уақытша қамауда отыр.

Оралбек Жухин Газельдің үйіне соғылғанын сыртқа шығып бір-ақ білген. 

"Екі жігіт келіп түсіндіріп айтты. Көлік шамамен сағатына 120 шақырым жылдамдықпен келіп соғылған Жүргізушінің өзі 60-пен келдім деп отыр. Жүргізуші көліктің ішінде отырған кезінде мас екенін білген жоқпыз. Кейін қарасам жүре алмайды. Аузынан арақтың иісі шығып, не айтып тұрғанын өзі білмейді", - дейді  Ақсеңгір станциясының тұрғыны Оралбек Жухин.

Бір бөлменің толық тас-талқаны шыққан. Темір тұлпар соғылған жерде жылытқыштар мен теледидар тұрған екен. Қазір ол жерді ашып, ақтарып қарау мүмкін емес. Екі бөлмелі үйде сегіз адам тұрады. Оның төртеуі кішкентай бүлдіршін. Қазір бәрі көршісін жағалап жүр. Далада қалған отбасы жүк көлігі тиесілі компания, не болмаса жүргізушінің өзі шығынды толық өтеп, үйді жаңадан соғып беруін талап етіп отыр. Өйткені баспана жөндеуге жарамай қалған. Қатты соққыдан қабырғасы жарылып, төбесінде жарық пайда болыпты.

"Сауда өкілінің басшысы келді. Өзім бетпе-бет сөйлестім. Мынаған миллион, 800 мың теңге кетеді деді. Миллион 800 мыңға қалпына келтіре алмаймыз ғой десем, ары қарай өздеріңіз шешесіздер деді. Жөндеуге келмейді. Қабырғасы пештің бәрі жарылып кеткен. Келсін де, үйді бұзсын, кейін көтеріп берсін. Біздің талабымыз сол", - дейді Ақсеңгір станциясының тұрғыны Зухра Жухина.

Жүк көлігі тиесілі компания азық-түлік тасымалдаумен айналысады. Олар үй ішіне бір тиын да төлемейтінін айтып отыр. 

"Тек сот арқылы. Біздің тарапымыздан ешқандай көмек болмайды. Себебі, бір  адамның қатесінен тек үй иелері емес, біз де зардап шегіп отырмыз. Себебі ол тізгіндеген көлік біздің жұмысымызға жарамсыз болып қалды. Біз оны өзіміз жөндейміз. Бұл оқиға жұмыс уақытынан тыс кезде болған", - дейді Skill Trade ЖШС бөлім басшысы Ұлан Кеңес.

Полицейлер 46 жастағы жүргізушінің мас күйінде көлікті тізгіндегенін растады. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында отыр. Үстінен әкімшілік іс қозғалды. Мас жүргізуші 20 тәулікке қамаққа алынып 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылуы мүмкін. Ал үй иесіне келтірілген шығын әлі есептеліп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Г. Досымшалова